Кез келген карантиннің әлеуметтік һәм экономикалық салдары ауыр болады. Алдын ала болжам бойынша, қазіргі ахуал 500 мыңға жуық қазақстандықтың қалтасын қағуы мүмкін. Осындай қиын-қыстау шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы нашар тұрғындарға барынша көмектесуді тапсырды.
Ең елеулі көмектің бірі – азық-түлік топтамасы. Өйткені төтенше жағдай кесірінен азық-түлік бағасы 9,3 пайыз өскен. Мұндай динамика, көкөніс бағасының науқандық өсуінен және карантин уақытындағы сұраныстан туындады. Мысалы, наурыз айында қант – 8,5 пайыз, көкөніс пен жеміс-жидек – 5,1 пайыз, қарақұмық жармасы 2,5 пайыз қымбаттаған. Осы орайда, қазір ресми түрде тіркелген жұмыссыз адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, барлық топтағы мүгедектерге және мүгедек баланы қарап отырған ата-аналарға азық-түлік топтамасы беріліп жатыр. Оны тарату жергілікті әкімдіктің мойнында.
Мемлекет тарапынан азық-түлік алған азаматтың бірі – Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылында тұратын Серік Қартбеков. Ол – I топтағы мүгедек. Көзі көрмесе де, жарық дүниені жанарының ішіне сыйдырған жан ауыл әкіміне мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйін үнемі құлаққағыс етіп отырады. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар мемлекет ұсынған азық-түлік топтамасына дән риза.
– Карантиндегі халықтың қарны да, көңілі де тоқ. Бұл ауыр кезеңде мемлекет мүгедектерге қамқорлық жасауды ұмытқан жоқ. Атап айтқанда, Топар ауылының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық көмек көрсетіп, жылыжай өнімдерімен, картоппен және азық-түлік себетімен қамтамасыз етті. Шын жүректен рақмет! – дейді Серік Қартбеков.
Түркістандық Фарагат Арипованың үш перзенті бар. Тұңғышы 11 жаста болса, кенжесі 4-ке енді толған. 32 жастағы келіншектің тағы төртіншісіне аяғы ауыр. Күйеуі көлікпен жолаушы тасымалдап табыс тауып жүрген. Алайда төтенше жағдай кезінде оған көшеге шығуға шектеу қойылып отыр. Сондықтан отбасының тұрмыс жағдайы қиындады. Осыны ескерген облыс әкімдігі бұл үйге тегін азық-түлік жеткізіп берген.
– Менің денсаулығым жұмыс істеуге жарамайды. Бауырым ауырады, есепке алынғанмын. Күйеуімнің де тұрақты жұмысы жоқ. Балалардың бір ғана жәрдемақысына өмір сүру қиын болып кетті. Ал мемлекет тарапынан азық-түліктің берілуі – бізге үлкен көмек. Бізге әкелген азық-түліктің ішінде макарон, тәттілер, сүт пен май сияқты ең қажетті тағамдар бар. Балалар көп болған соң тамақ та көбірек керек. Өйткені қазір барлығы үйде болғандықтан, үш мезгіл тамақ істеуім керек. Осындай қиын кезде бізге азық-түлік жеткізіп берген билік басындағы азаматтарға алғыс білдіреміз. Мен сияқты көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілген азық-түлік – зор демеу. Балаларыммен бірге біраз уақытқа жетеді, – дейді үш баланың анасы.
Айта кетейік, әлеуметтік себетте жарма, макарон, күріш, май және міндетті түрде медициналық бетперде, антисептик секілді заттар қамтылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің хабарлауынша, табысынан айырылған 1 миллион 779 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалып, есепшоттарына 75 миллиард 600 миллион теңге аударылған. 42 500 теңге алуға 4 миллион 900 мың өтініш түскен, оның 3 миллион 703 мыңы қаралған. Демек, Қазақстан халқының шамамен 20 пайызы, яғни әрбір бесінші азамат көмек сұраған. Ең бастысы, 42 500 теңге алған азаматтар төтенше жағдайдың созылғанына байланысты тағы да 42 500 теңге алады, ол үшін қайтадан өтініш беру керек емес.
Карантин режимі ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Бірі табысынан, бірі жұмысынан айырылды. Алматылық Нұржан Балақаев та сол санаттан. Жұмысы уақытша тоқтап, үйіне қамалып қалған азамат 42 500 теңгеге қол жеткізген.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік төлем төлеу қажет деп тапқаны көңіл сүйіндірді. Яғни, жұмысынан айырылғандарға жалақының ең төменгі мөлшеріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі дегенін естігенде, қатты қуандық. Осындайда мемлекеттің өз халқына қол ұшын созғаны ішіңді жылытады екен. Билік бұл бастама арқылы ешкімнің елеусіз қалмайтынын дәлелдеді. Мен құжаттарды Еgov сайтына тіркедім. 2-3 күннен соң телефоныма әлеуметтік төлем тағайындалғаны туралы хабарлама келді. Тиісті қаражат тура сол күні емес, 1-2 күннен кейін түсті. Осындай қысылтаяң шақта 42 500 теңгенің өзі біраз жыртығымызды жамады, – дейді Нұржан Балақаев.
Президент қолдауының және бір бағыты – 1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет бағасын түсіру. Бұл жеңілдік Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тұрғыны Күлпаш Сарыбаеваға кәдімгідей сезіліпті.
– «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорны коммуналдық төлемді 5 пайыз арзандатты. Мына заманда оның өзі – үлкен үнем. Қалай десек те, қарапайым тұрғындардың жағдайын жақсарту бағытында игілікті жұмыс атқарылып жатыр. Біз, Қазақстан халқы өз кезегімізде көмектің өтемі, алғыс ретінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиындықты бірлесе жеңуге тиіспіз. Ел басына күн туған сын сағатта ауызбіршілік сақтайық. Тәртіпке бағынсақ қана біз бұл індетті жеңеміз. Даңқты жерлесім Бауыржан Момышұлы айтпақшы, тәртіпке бағынған құл болмайды емес пе?! Алла жазса, бұл күндер де көрген түстей өтеді де кетеді. Ал халық мемлекеттің бұл жақсылығын ешқашан ұмытпайды. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегенді қазақ бекер айтпаған,– дейді 69 жастағы зейнеткер.