Жолдар, жолдар... Жойқын жоспар орындала ма?
Жолдар, жолдар... Жойқын жоспар орындала ма?
291
оқылды
Биыл коронавирусқа қарамастан жол құрылысы саласында рекорд орнатылмақ. Авиация мен теміржол тұралап тұрған алмағайып кезеңде Үкімет 2,6 мың шақырым жол салуды, 10 мың шақырым жол жөндеуді жоспарлап отыр. 200 мың азаматқа жұмыс табылады. Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деп мәлімдеді. Биыл Талдықорған – Өске­мен (763 шақырым), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 ша­қырым), Қалбатау – Май­қап­­шағай (415 шақырым), Мер­кі – Бурылбайтал (266 ша­қы­рым), Ақтөбе – Атырау – Астрахан (279 шақырым) сияқ­ты учаскелерде көлік қоз­ға­лысы ашылады. – Құрылыс маусымын мүм­­кіндігінше тиімді пайда­лану қажет. Жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеу­лер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмысын қамта­масыз ету керек, – дейді Үкімет басшысы. Негізі, экономика дағдарыс­қа ұшырағанда жол құрылысын жандандыру тәжірибесі баяғы­дан бар. Мәселен, 1929-1933 жылдары АҚШ-та болған «Ұлы депрессия» кезеңінде президент Франклин Рузвельт жоғары жылдамдықпен жүру­ге мүмкіндік беретін авто­ма­гистральдар мен теңдесі жоқ көпірлер салуды қолға алған. Бастапқыда халық оның бастамасын дұрыс түсінбей, «дағдарыс кезінде жол салғаны несі?» деп қатты сынаған екен. Бірақ Рузвельттің шешімі тиімділігін дәлелдеді, жол құ­рылысына миллиондаған адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі күрт төмендеді. Эко­но­миканың тамырына қан жүгір­ді. Инфрақұрылым дамы­ды. Нәтижесінде, Америка қоға­мы қиындықты еңсеріп шық­ты. АҚШ-тың тарихи тәжіри­бесін үлгі етуге болады. Темір­жол дейсіз бе, автожол дейсіз бе, бәрібір, жол құрылысы саласы қаражаттың ірі қалаларда ғана шоғырланып қалуына жол бермейді, ауыл-аймақтарды қамтиды. Өте көп еңбек күшін қажет ететіндіктен, мыңдаған қазақстандықты жұмысқа тар­тып, қаржы ресурстарының ел аумағына біркелкі тарауына септігін тигізеді. Премьер-Министр биылдан қалдырмай Шымкент әуежайы жолаушылар терминалының және Түркістандағы халықа­ралық әуежайдың құрылысын аяқтауды, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларын жаң­ғырту жұмысын бастауды тап­сыр­ды. Жалпы, Қазақстан жолда­ры­ның жай-күйі қандай? Был­тыр республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол салынған және жаңғыртылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 641 шақырым жолда көлік қозғалысы ашылды. 1,1 мың шақырым республикалық маңызы бар және 3,5 мың ша­қырым жергілікті желі­лер­дегі автожолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жақсы және қанағат­танарлық деңгейдегі респуб­ликалық маңызы бар авто­жол­дардың үлесі 88 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдар 71 пайызға жеткізілген. Ол үшін 500 млрд теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Шенеу­нік­тердің сөзіне сенсек, егер осы қарқыннан таймай, қар­жыландыру көлемін жыл сайын 50 млрд теңгеге ұлғайта берсек, болжам бойынша 2025 жылға таман жолдардың 95 пайызы тақтайдай тегіс болады екен. Алайда сөз бен істің арасы қанша шақырым жол екені белгісіз. Неге десеңіз, былтыр «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары 11,5 мыңнан астам асфальт сына­масын тексерді. Нәти­же­сінде, оның үштен бірі (4,5 мыңы) стандартқа сай келмейтін болып шыққан. Әсіресе, жер­гілікті жолдардың тозығы жет­кені, республикалық жол­дармен салыстыруға жара­май­тыны анықталды. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті – 750 миллиард теңге. Ендігі мәселе – осы қыруар қаржы-қаражатты шашау шығармай, талан-таражға түсірмей, жететін же­рі­не дейін жеткізу. Себебі сан қилы. Ең қиыны – жемқорлық дейтін жегі құрт. Жол құрылысы саласында кейінгі үш-төрт жылдың өзінде 100-ден ас­там құқықбұзушылықтың жолы кесіліпті. Сотталғандар қатарында «ҚазАвтоЖолдың», жергілікті атқарушы орган­дардың базасында құрылған «Ұлттық жол активтері сапа­сы орталығының» лауазым­ды тұлғалары, басқа да құры­лымдардың өкілдері бар. Келісімшарттарға қол қою ке­зінде пара ұсыну, заңсыз кәсіп­керлік қызметке қамқор­лық жасау, былық-шылыққа көз жұмып, шара қолданбау, мемлекеттік сатып алулар бары­сында қазынаға қол сұғу деректері жол құрылысы сала­сын­да қалыпты құбылысқа айналған деседі. 2020-2025 жылдарға арнал­ған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында рес­пуб­ликалық маңызы бар авто­жол­дардың 100 пайызын (21 мың шақырым жолды салу, жаңғырту және жөндеу), облыстық және аудандық маңызы бар авто­жолдардың 95 пайызын (27 мың шақырымын жөндеу) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру көзделген. 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, 550 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылады. Әрине, бұл орынды қадам. Жол – экономиканың күре тамыры. Жол мен көпір салу өзін-өзі толық ақтайтын, са­уап­ты һәм берекелі шаруа сана­лады. Ертеде ең дәулетті, ең сәулетті шаһарлар Ұлы Жібек жолының бойында болғанын тарихтан білеміз. Олар транзит­тің арқасында гүлденді. Тауар мен қаржы айналымы қашан да дамуды қамтамасыз етеді. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Сондықтан Үкіметтің жойқын жоспары орындалсын деп тілейік.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ