Заңға бағынбайтын кортеж
Жақында карантин режимін өрескел бұзғаны үшін Алматыда Криминалдық полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиядин қызметтен шеттетілді. Неге дейсіз ғой? Өйткені әлеуметтік желілерде қымбат көлік мінген азаматтардың жалпы тәртіпке бағынбай, бақылау бекеттерінен кедергісіз өтіп жатқан бейнесі тарап кетті. Артынан ережені ескермегендер бір дастарқан басында жиналады. Сол жерде Жанболат Зиядин де болған. Бұл көрініс көпшіліктің ашу-ызасын тудырған еді. Осы оқиғаға қатысты қазір Полиция департаментінде қызметтік тергеу басталды. Ал карантин ережесін бұзғандардың барлығы құрықталды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы блок-бекеттерден аталған кортеждің кедергісіз өту дерегіне байланысты тексеріс жүргізіп жатыр. Бұған дейін желіде бір топ адам мінген қымбат автокөліктің қала ішін шарлап жүрген ролигі тараған еді. Олар тойға бару үшін Алматы блок-бекетінен еш кедергісіз өтіп кетеді. Бейнежазбаның авторы әрі сол топтың мүшесі роликті әлеуметтік желідегі өз парақшасына жариялаған.Шай ішуге қалайсыз?
Бұдан үш-төрт күн бұрын әлеуметтік желілерде, ақпарат таратушы сайттарда «Полиция қызметкері ұсталған қызға жыныстық қатынасқа түсуді ұсынды» деген ақпарат тарап кетті. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бұл іске тексеріс жүргізгені туралы хабарлады. «Дәл осы күні мобильді посттардың бірінде көрсетілген әйелдің басқаруындағы көлік карантин режимін сақталғанын тексеру үшін тоқтатылғаны анықталды. Тексеру кезінде полицей әйелдің жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін анықтады, сондықтан олар әкімшілік хаттама жасау үшін автокөлік тұрағына бет алған. Жолда қызметкер әйелге жұмысы аяқталғаннан кейін кешкі ас ішуді ұсынды. Содан кейін ол хаттама жасамай, көлікті тұраққа қоймастан әйелді босатты», – деп жазған Полиция департаменті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, әйел полиция қызметкеріне арыз жазудан үзілді-кесілді бас тартқан. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны және этикалық нормаларды бұзғаны үшін полиция қызметкері ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. 2020 жылы 4 ақпанда жарамдылық мерзімі өткен жүргізуші куәлігі бар автомобильді басқарған әйел (карантин режимі жарияланғанға дейін) әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Шектеуге қарамаған шенділер
Арнайы рейд жүргізген Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғаларын төтенше жағдайға қарамастан, монша кешенінде демалып жатқан кезінде ұстады. Бұл оқиға 18 сәуірде сағат 22:30 шамасында Көкшетау қаласында болған. «Избушка» монша кешені иесі төтенше жағдай режимін бұзғанын анықтады. «Төтенше жағдай режимін бұзған Тергеу басқармасының басшысы мен оған бағынышты қызметкерлер жұмыстан босатылды», – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі. Ақмола облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасының қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. «Аталған басқарманың басшысы Р.Тұрғамбековтің және оған бағынышты тергеушілер Н.Мырзагелдиннің, А.Қағарманның, Ж.Ақмолдиннің, Б.Лұқмановтың төтенше жағдай режимінің қазіргі шектеулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізгені анықталды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 20 сәуірінде агенттіктің орталық аппаратының тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Оқиғаның барлық жағдайларын және әділеттілік, парасаттылық, сенім құндылықтарын қатаң сақтауды ескере отырып, агенттік төрағасының бұйрығымен аталған қызметкерлер келешекте мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынсыз жағымсыз себептер бойынша жұмыстан босатылды», – делінген хабарламада. Тәртіптік комиссияның ұсынысы бойынша облыстық департамент басшысы М. Төлеубаев жеке құраммен алдын алу жұмысын нашар ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылды.«Темекіге қалдырып кетші»
Павлодар облысындағы блок-бекетте жүк көлігінің жүргізушісінен пара сұраған Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмыстан босатылды. Неге? Өйткені ол жұмыста жүрген кезінде темекіге ақша сұраған. Кімнен? Әрине, жүк көлігін жүргізушіден. Басынан бастайық. Әлеуметтік желілерде Германиядан Семейге кетіп бара жатқан жүк көлігі жүргізушісінен арнайы жасақ қызметкерінің пара сұрап тұрғаны туралы бейнежазба тарап кеткен еді. Бұл оқиға бастықтарының да көзіне түскен болуы керек, тексеріс жүргізіп кім екенін де анықтаған. Хабарламада былай делінген: «2020 жылдың 12 сәуірінде Теlegram әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында Германиядан Семейге кетіп бара жатқан жүргізушінің видеосы тарап кетті. Ол Екібастұз ауданының Шідерті кентіндегі №4 санитарлық бекет арқылы өткен. Аталған видео бойынша Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов облыстық ПД жеке қауіпсіздік басқармасына қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды», – делінген хабарламада. Арнайы жасақ қызметкері сөзсіз Ішкі істер органдарынан босатылады дейді олар. Сонымен қатар «қайыр сұрау» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Кәсіби тұрғыда әлсіз адамдарды жинап алған командирінің лауазымында қалу-қалмау мәселесі де шешілуде. Тәртіпті тәртіп сақшыларының өзі бұзып отырғаны қиын, әрине. Бірақ мұндай оқиғалар алда тіркелмесіне сенейік!Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ