Немістер Түркістанға назар аударды
Немістер Түркістанға назар аударды
509
оқылды

Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі бастаған қонақтар Түркістан топырағына келді.

«Елдестірмек – елшіден...» демекші, олар жай келмей достық қолын соза келіпті және өздерінің бірқатар ұсыныстарын да жетелей келген. Атап айтқанда, германиялық компаниялар түркістандықтармен әріптестік орнатып, озық технологиялары бойынша цифрландыру, электр қуатын өндіру, жылыту жүйесі мен туризм саласында инвестиция салуға ниетті екендерін жеткізді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер бастаған Герман Экономика Одағының делегаттарымен кездесті.

Кездесуде делегация басшысы Тило Клиннер германдық компаниялар цифрландыру, электр қуатын өндіру, жылыту жүйесі мен туризм саласында инвестиция салуға ниетті екендерін жеткізді.

Мәселен, Германияда энергетика саласында 15 жылдан жұмыс істеп келе жатқан «ILF Business Consult» компаниясының атқарушы директоры Адреас Линке Түркістан өңірінде жасыл экономикаға негізделген күн энергиясынан қуат өндіретін гибридті электр стансасының құрылысын жүргізіп, арнайы парк құруға дайын екендігін айтты.  Ал «Bosch» кәсіпорынның өкілі Владимир Коломыцын компания жылыту жүйесіне қажетті қазандықтармен қамтамасыз етіп, қаланы сумен қамту жүйесіне толық сүйемелдеу жасайтынын жеткізді. Сондай-ақ, германдық «Petroline» холдингінің бас директоры Андреас Штумпф қоқысты қайта өңдеу мен су жүйесін тазартуға арналған жабдықтармен қамтамасыз етуге ниетті екендігін айтты.

Облыс әкімі делегация өлкілдеріне алғысын білдіріп, екіжақты әріптестік орнайтынын жеткізді.

– Түркістанда қазіргі таңда бас жоспар нақтыланды, ғасыр жобасы басталды. Құрылыс, сумен қамту, жылыту жүйесі мен жол саласына инвестиция салуға болады. Арнайы экономикалық аймақтар бар, сонда зауыттарыңызды салуға болады. Германдық технологияны әлем мойындайды, сондықтан әріптестік орнайды деп ойлаймын. Бастысы, жобалар экологиялық таза, сапалы, бағасы қолжетімді болуы керек, – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түстен кейін германиялық қонақтар кеншілер қаласы – Кентауға ат басын тіреді. Ол жерде де жағымды жаңалық болды. Яғни, бұрын Кентау политехникалық колледжі аталып келген білім ордасы жаңа статус алды, енді ол – «Казақстан-Германия политехникалық колледжі» болып аталады.

Тарқатып айтар босақ,  Кентау политехикалық колледжіне Германияның Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Тило Клинер келіп, «TUV Rheiland Akademie GmBH» германия концерні және Кентау политехникалық колледжі (Кентау трансформатор зауыты, «Alageum Electric» компаниясының құрылымдық бөлімі) арасындағы үшжақты келісім шартқа қол қоюға қатысты. Сонымен қатар келісім шартқа қол қоюға «TUV Rheiland Akademie GmBH» халықаралық басшысы Катя Кайзер, Кентау трансформатор зауытының басқарма төрағасы Хайрулла  Қожабаев және колледж директоры Кривенцов Виктор қатысты.

Атап өтейік, «TUV Rheiland Akademie GmBH» - дүние жүзі мойындаған білім беру саласындағы халықаралық ұйым. Бұл келісім шарт бойынша колледжде халықаралық білім стандарттары, германияның дуалды білім беру жүйесі енгізіледі.

«Келісім шартқа қол қоюдан бастап колледж жаңа статуске ие болды, яғни ол «Қазақстан-Германия политехникалық колледжі» болып аталатын болды. Осы жылдың жаз айында бірқатар колледж мұғалімдері Германиядан білімдерін жетілдіреді. Алдағы уақытта студенттердің де Германия еліне білімін жетілдіру мақсатында іс-сапары жоспарлануда», - дейді Хайрулла  Қожабаев.

Қуантарлығы сол. Енді бұдан былай «TUV Rheiland Akademie GmBH» бағдарламасы бойынша оқыған колледж студенттері халықаралық денгейдегі диплом алып, дүние жүзінің кәсіпорындарында жұмыс істеуге мүмкіндік алатын болады.

Айта кету керек, бұл жетістік ТМД елдерінің арасында алғашқы болып қол жеткізіп отырған жағымды жаңалық.