Қарағанды облысында биыл алғаш рет облыстық бюджеттен мәдениет саласы мамандарына жоғары білім беруге мемлекеттік тапсырыс берілді. Сонымен қатар жергілікті университеттерде мәдениет және өнер мамандарын даярлау мүмкіндігі талқыланып отыр.
Қарағандыда мәдениет пен өнер саласының үздіктері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімінің сыйлығына ие болды. Бірнеше жыл қатарынан бұл сыйлық мәдениет мамандарына қалың қауымға танымал болған және кәсіби тұрғыда жетістіктерге жеткені, облыстың мәдениеті мен өнерінің сақталуына жеке үлес қосқаны, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіргені және мәдени саланың дамуына қосқан үлестері үшін табысталып келеді. Биыл комиссия 22 лауреатты таңдады.
– Мәдениет болмаса біз кім болар едік? Сіздердің қойылымдарыңыз бен концерттеріңіз – біз үшін ерекше оқиға. Жаңа ән мен жаңа фильм кез келген маңызды жаңалықтан басым болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің өмірімізге жарқын бояулар мен жағымды эмоциялар сыйлайсыздар, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов Станиславский атындағы театрда өткен марапаттау рәсімінде. – Сіздер әрқашан өз шығармашылықтарыңызбен бізді қолдайтындарыңызға үлкен рақмет. Ал біз, өз кезегінде, сіздерге қолдау көрсетеміз. Біздің міндет – шығармашылық пен жобаларыңыздың жүзеге асырылуы үшін сіздерге қажет жағдай жасау.
Салтанатты жиында 21 номинация бойынша сыйлықтар табыс етілді. «Мамандыққа адалдығы үшін» бас жүлдені Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Ақмарал Иманбекова иеленді. Өткен ғасырдың 80-жылдары жас маман Қарағанды мәдени-ағарту мектебін бітіргеннен кейін туған ауылына оралды. Өзінің барлық еңбек жолын мәдениет үйімен байланыстырып, мәдени ұйымдастырушы қызметінен бастап жетекші лауазымына дейін көтерілді.
– 1985 жылдан бастап біздің мәдениет үйі құрылған кезде үш кезеңді бастан өткердік. Біріншісі – қалыптасу кезеңі. Екіншісі – ауыр 90-жылдар. Көптеген аймақтарда мәдениет үйлері жабылды. Бізде жылу да, жарық та болмаған кездер болды, осының бәрін бастан өткердік. Жұмыс істеуге ынта мен патриоттық сезім көмектесті. Қазір бізде өркендеу, гүлдену кезеңі. Мемлекеттік қаржыландыру мен жүйе құраушы кәсіпорынның көмегінің арқасында жақсы база бар, – дейді лауреат.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА
Қарағанды облысы