Мәдениет қызметкерлері марапатталды
Мәдениет қызметкерлері марапатталды
400
оқылды

Қарағанды облысында биыл алғаш рет облыстық бюджеттен мәдениет са­ла­сы мамандарына жоғары білім беруге мем­лекеттік тапсырыс берілді. Сонымен қатар жергілікті университеттер­де мәде­ниет және өнер маман­дарын даярлау мүмкіндігі талқыланып отыр.

Қарағандыда мәдениет пен өнер саласының үздіктері өзде­рінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімінің сыйлығына ие бол­ды. Бірнеше жыл қатарынан бұл сыйлық мәдениет маманда­рына қалың қауымға танымал бол­ған және кәсіби тұрғыда же­тіс­тіктерге жеткені, облыстың мә­дениеті мен өнерінің сақта­луы­на жеке үлес қосқаны, кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіргені және мәдени саланың дамуына қосқан үлестері үшін табысталып келеді. Биыл комиссия 22 лау­реат­­ты таңдады.

– Мәдениет болмаса біз кім болар едік? Сіздердің қойы­лым­дарыңыз бен концерттеріңіз – біз үшін ерекше оқиға. Жаңа ән мен жаңа фильм кез келген маңызды жаңалықтан басым болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің өмі­рімізге жарқын бояулар мен жағымды эмоциялар сыйлай­сыз­дар, – деді облыс әкімі Ерлан Қо­шанов Станиславский атын­дағы театрда өткен марапаттау рәсімінде. – Сіздер әрқашан өз шығармашылықтарыңызбен бізді қолдайтындарыңызға үлкен рақмет. Ал біз, өз кезегінде, сіз­дер­ге қолдау көрсетеміз. Біздің мін­дет – шығармашылық пен жобаларыңыздың жүзеге асы­рылуы үшін сіздерге қажет жағ­дай жасау.

Салтанатты жиында 21 номи­нация бойынша сыйлықтар та­быс етілді. «Мамандыққа адал­дығы үшін» бас жүлдені Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталы­ғының директоры Ақмарал Иман­бекова иеленді. Өткен ға­сыр­дың 80-жылдары жас маман Қарағанды мәдени-ағарту мекте­бін бітіргеннен кейін туған ауы­лы­на оралды. Өзінің барлық ең­бек жолын мәдениет үйімен бай­­ла­ныстырып, мәдени ұйым­дас­­тырушы қызметінен бастап же­текші лауазымына дейін көтерілді.

– 1985 жылдан бастап біздің мәдениет үйі құрылған кезде үш кезеңді бастан өткердік. Бірінші­сі – қалыптасу кезеңі. Екіншісі – ауыр 90-жылдар. Көптеген ай­мақ­­тар­да мәдениет үйлері жа­был­ды. Бізде жылу да, жарық та болмаған кездер болды, осының бәрін бас­тан өткердік. Жұмыс іс­теуге ынта мен патриоттық се­зім көмектесті. Қазір бізде өр­кен­деу, гүлдену ке­зеңі. Мемлекеттік қаржыландыру мен жүйе құрау­шы кәсіпорынның көмегінің арқасында жақсы база бар, – дейді лауреат.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА

Қарағанды облысы