Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен инвесторлармен кездесу барысында биыл жыл басына пайдалануға беріліп, жарты жылға жетер-жетпес уақыт аралығында тауда шаңғы спортымен шұғылданып, демалғанды жақсы көретіндер мен алыс-жақын шет мемлекеттерден келген туристердің көңілінен шыққан Талғар ауданындағы «Ойқарағай – Лесная сказка» тау-шаңғы кешенін одан ары дамыту жоспары мен қажетті мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтылды. Сонымен бірге, жалпы Жетісу өңіріндегі көрікті және тарихи жерлерге апаратын жолдар мәселесі де талқыланды.
Аз ғана уақытта туристер мен демалушылардың сүйікті орнына айналған тау-шаңғы кешенін дамытудың таяу кезеңге жасалған жоспары жайлы инвестор, жоба бастамашысы, Alina компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев баяндады. Инвестордың айтуына қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда кешенге келушілер саны бірнеше есеге артып отыр. Қазіргі кезде жаңа аспалы жолдың құрылысы қолға алынған. Қолданыстағы 13 шақырым шаңғы жолына қоса биыл тағы 7 шақырымдық осындай трасса жасалып жатыр. Шаңғы кешенінің халыққа жыл он екі ай қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін жасанды қар жасау жұмысы да жолға қойылып отыр. Осы мақсатта екі су қоймасы, жоғары қысымды трасса салынуда. Дегенмен бүгінде қатты байқалып тұрған басты мәселе – инфрақұрылым жағынан мемлекет қолдауының қажеттігі. Жүздесу кезінде осы мәселеге баса назар аударылды.
Атап айтқанда, «Алматы – Талғар» трассасынан Бесқайнар ауылына бұрылатын» жол айырығының құрылысы жан-жақты қолдаусыз кешеуілдей берері анық. Сол сияқты Байбұлақ ауылынан «Тау-Тұран» айырығына дейінгі 1000 және 2000 КВА қосалқы стансасы бар 2 электр жеткізу жүйесі тартылатын Ақ-Тас» шоқысына дейінгі аралық та осы қатарда. Бұлардың жобалық-сметалық құжаттамасы инвестордың қаржысына дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Енді осыларды жүзеге асыру керек. Тау-шаңғы кешенін газдандыру жағы да қолдау күтеді.
Облыс басшысы нысанға газ жеткізуге көмектесудің мүмкіндігі барлығын айта келе, ішкі газ тарату жүйесін инвестор өз есебінен жүргізуге тиіс екендігін атап өтті. Ал жол құрылысына қажетті қолдау көрсетіледі. Электр жеткізу жүйесі құрылысы мәселесін зерттеп, соған сай шешім қабылдау тиісті сала мамандарына тапсырылды.
– Бүгін сөз етіп отырған ірі жобаның облыстағы тау-шаңғы туризмін дамытудағы маңызы аса зор. Сондықтан біз қажетті көмек көрсетеміз. Басқосу барысында көтерілген мәселелер қосымша зерделенеді, соның ішінде жол құрылысы бойынша да, мүмкіндігіне қарай жәрдем жасаймыз, – деген Амандық Ғаббасұлы облыстық туризм, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына аталған бағыттағы жұмыстарды басты назарға алуды ескертті.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы