Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Рухани қазына – 2019» фестивалі өтті. Іс-шара соңында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері марапатталды.
«Рухани қазына – 2019» мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күніне орайластырып өткізілді. Фестиваль 19-22 мамыр аралығында өтіп, қорытындысы Ұлттық музейдегі салтанатты кешке ұласты. Сала үздіктері ашық дауыс беру арқылы анықталды. Музей ісі, кітапхана ісі, мәдениет үйі категориясы бойынша жеңімпаздарға диплом, фестиваль статуэткасы және 1 миллион теңге бұйырды. Сонымен қатар үздік қызметкерлерге 500 мың теңге көлемінде жүлде берілді.
«Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі марапатталды. Лисаков жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениет музейі «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар музей» аталымы бойынша жеңіске жетті. «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымына Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының ақпараттық-білім беру бөлімінің меңгерушісі Шынар Кәрібаева ие болды. «Батыр бабалар» мемориалды музейінің меңгерушісі Әлім Орынбасар «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымында жеңіске жетті.
«Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» аталымы бойынша С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жеңіске жетті. Талас аудандық кітапханасы «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана» номинациясында топ жарды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» аталымында жеңіске жеткен Ақкиізтоғай ауылдық кітапхана қызметкерлерінің қуанышында шек болмады. Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың еңбегі еленіп, «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана» атанды. Сондай-ақ кітапхана басшысының орынбасары Ләззат Қуантаева «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» деп танылды. «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызметкері» аталымына Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі Қалдыгүл Досмағанбетова ие болды. Зеренді орталық аудандық кітапхана қызметкері Гәкку Ғабдулманова «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана қызметкері» атанды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» аталымын Талдықорған қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Өтенай ауылдық кітапханасының қызметкері Гүлнархан Сейлханова иеленді.
«Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығы» аталымына Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы ие болды. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі аудандық демалу орталығы «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, мәдениет сарайы» аталымында жеңіске жетті. «Үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб» аталымында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылдық мәдениет үйі марапатталды. Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызмет орталығының бөлім меңгерушісі Аймагүл Бұзаубаева «Үздік облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері» атанды. Ақмола облысы Атбасар аудандық мәдениет үйінің «Родничок» балалар би ұжымының хореограф-репититоры Виктория Манукян «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, сарайының қызметкері» аталымында үздік деп танылды. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Айнабұлақ мәдениет үйі меңгерушісі Марина Оразбекова «Үздік ауылдық мәдениет үйінің, клубтың қызметкері» аталымына ие болды.
«Бізге бұл фестиваль үлкен қуаныш сыйлады. Нұр-Сұлтан қаласында, руханияттың шаңырағында бір-бірімізді таныдық. Жобаны жүзе асыруға атсалысып, жүлде қорын бөлген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғыс білдіреміз. Жүлдеге риза болып, шат-шадыман болып жүрген фестиваль қатысушыларына мың рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еңбектің жемісін көріңіздер» деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызы.
Фестиваль жеңімпазы Аймагүл Бұзаубаева «Ұлы философ әл-Фарабидің «Ісің алға бассын десең, өз ісіңнің маманы бол. Ал дәрежең өссін десең, көпшіліктің адамы бол» деген сөзі бар. Расында, бүгін көпшіліктің арқасында марапатқа ие болып отырмын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл Павлодар облысының, «Шаңырақ» орталығының жеңісі. Мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің күні құтты болсын!» деп жүрекжарды лебізін білдірді.
«Рухани қазына» фестивалі осымен екінші рет өткізілді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық қатысушы келді. Фестиваль аясында пленарлық отырыс, Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған жас жазушылар мен ақындар кеңесі отырысы, шеберлік сыныптары өтіп, сұхбат алаңы құрылды. Алаңда музей, кітапхана және мәдениет үйлері қызметкерлері тәжірибе алмасып, өзара байланыс орнатты. Фестиваль мәдениет саласы қызметкерлерін ынталандыруды, өңірлік мәдениет ұйымдары имиджін нығайтуды мақсат етті.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ