«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Қарағандыға барды. Қарағандылық кәсіпкерлер кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен танысып, ойымен бөлісті.
Партияның Қарағанды облыстық филиалының дерегіне сәйкес, былтыр мемлекеттік органдар тарапынан көрген әкімшілік қысым, заңсыз тексерулер және басқа да құқықбұзушылықтармен 800-дей кәсіпкер шағымданған екен. «Осындай жұмыс сапарлары кезінде біз назар аударарлық өзекті мәселелерді білеміз», – деді партия төрағасы Азат Перуашев.
Қарағанды турбомеханикалық зауыты да Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасымен танысты. Кәсіпорын жылу электростанса құрылғыларын жөндеу, қосалқы жабдықтарын даярлау саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. «Шетелдік компаниялардың өзі қазақстандық шағын және орта бизнестің қызметін пайдалануы тиіс», – деді
Д.Еспаева.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев басқаратын Д.Еспаеваның штабы Ақмола вагон жөндеу ұжымымен кездесті. Зауыт 1941 жылы құрылған. Жылына үш мыңдай вагон жөндейді. Зауытта 400-дей адам еңбек етеді. Штаб мүшелері зауыт ұжымын президенттікке үміткер Дания Еспаеваның отандық кәсіпорындарды қолдауға бағытталған ұсыныстарымен таныстырды. Ал өнеркәсіп мамандары баспанамен қамту, зейнет жасына байланысты сұрақтар қойды.
«Маңызды қолдау шараларының бірі – отандық өнеркәсіп орындарына жеңілдіктер қарастыру, – деді штаб жетекшісі А.Перуашев. – Еуразиялық экономикалық аймақ шеңберінде, көптеген мемлекеттік тапсырыс пен тендерлерді шетелдіктер алып жатқанын көруге болады. Біздің үміткер Дания Еспаеваның есебінше, Мемлекеттік тапсырыстар туралы заңға, «Самұрық Қазына» АҚ, ұлттық компаниялардағы тапсырыс туралы ережеге «отандық өндіруші», «қазақстандық тауар» сынды ұғымдарды қайта енгізу керек».
Айдана БЕГІМ