Жастармен жүздесті
Жастармен жүздесті
388
оқылды
Коммунистерден ұсынылған кандидат Жамбыл Ахметбековтің Шымкент қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Н.Қадырқұлов пен партия комитетінің белсенділері Индустриалды-техникалық колледжде студент жастармен кездесті.

Н.Қадырқұлов жастарға ҚКХП-ның сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Ол марксистік-лениндік ұстанымдардың маңызына тоқталып, коммунистік тәрбиенің негізгі тетіктерін атап берді. Сондай-ақ қазіргі таңда жастардың мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығы бәсең екенін, олардың түрлі оқиғаларға бейжай қарауы белең алып бара жатқанын баяндап, ҚКХП бұл жағдайды түзетуге барынша атсалысатынын жеткізді.

Қалалық штаб жетекшісі ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы жұмыссыздық мәселесіне де тоқталды. Үміткер жастардың өзін-өзі танытуына мүмкіндік ұсыну ҚКХП-ның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. ҚКХП үміткері өзінің сайлауалды бағ­дарламасында жастар үшін алғашқы кепіл­денген жұмыс орнын енгізуді талап ететінін айтты.

Жиында жастар саламатты өмір салтына, шәкіртақының көлеміне, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді көтерді.

«Біз, Қазақстан коммунистері, ортақ іс үшін жұмыс істейміз! Біздің сеніміміз бірлік, мейірім және гүлдену сияқты баршаға түсінікті ұғымдар аясында нығаяды», – деді жиында Н.Қадырқұлов.

Ал үміткер Жамбыл Ахметбеков Қызыл­орда қаласындағы «Талсуат» оңалту орта­лығының қызметкерлерімен және емделу­шілерімен кездесіп, өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Ол ҚКХП қыл­мыскер олигархтардың елге қайтарылуын және сотқа тартылуын талап ететінін мәлім­деді. Сондай-ақ, партия мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы қазақстандық саясаттың бел ортасында еңбек адамы, оның өмірі, зияткерлігі, мәдениеті мен саламат­тылығы, ел мен қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысы болуын талап етуді жалғас­тыратынын атап өтті.

Айдана БЕГІМ