Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы алдағы мамыр айындағы мерекелер туралы айтты.
«Алдағы мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтуге тура келеді.
Бірақ, Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмайды.
Бәріне лайықты құрмет көрсетіледі.
Әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек береді», – деді.
Сондай-ақ Президент Денсаулық сақтау министрлігі ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейтуі тиіс екенін айтты.
«Халықаралық стандартқа сәйкес тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажет. Осыған орай, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алуды тапсырамын. Біз иммунобиологиялық препараттарды әзірлеу үшін қолда бар мүмкіндіктерімізді толық пайдалануымыз керек. Вакцина қолжетімді болған кезде Қазақстан шетелдің дәрі-дәрмегін күтіп отырмауы қажет. Дағдарыстан кейін де біз медицинаны дамытуға баса мән береміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіледі. Үкімет Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс жобасына осы саланы жетілдіретін нақты ұсыныстар енгізуге тиіс», – деп атап өтті Тоқаев.