«Ауыл – ел бесігі»: 52 елді мекенде қандай өзгеріс болады?
«Ауыл – ел бесігі»: 52 елді мекенде қандай өзгеріс болады?
566
оқылды
«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы Қазақстанда 52 аудан орталығы жаңғыртылып, бұл жақын жылдары 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов хабарлады. Оның айтуынша, 450-ге тарта шара іске асырылады. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымға және 66-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесілі. – Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу, – деді вице-министр. – Жоба шеңберінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бірқатар міндеттер шешіледі. Тұтас алғанда, жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90,0 млрд. теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30,0 млрд теңге бөлінді.
Ермек Алпысов вице-мин (5).JPG
Ермек Алпысов
– «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырудың арқасында қандай мәселелер шешімін табады? Қаржы неге жұмсалады? «4662 жұмыс орны құрылып, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысаны жөндеуден өткізіледі, 12 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 12 абаттандыру жобасы іске асырылатын болады, – деді Ермек Алпысов. – Сондай-ақ, 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 шақырым газбен жабдықтау, 20 шақырым және 7 жылумен жабдықтау нысаны жөнделіп, салынады. Жобаны тиімді іске асыру үшін Үкімет деңгейінде Жобалық офис жұмыс істейді. Осындай өңірлік офистер әкімдердің басшылығымен облыстарда құрылған. Жобаны тікелей үйлестіруді және әкімшілендіруді Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Ермек Алпысов жүргізіліп жатқан шаралардың ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін беретінін, ауыл тұрғындарының өмірін барынша қолайлы және жайлы ететінін, жалпы өңір экономикасына оң әсерін тигізетінін атап көрсетті.