37 мыңнан астам салық төлеушінің айыппұлы кешірілді
37 мыңнан астам салық төлеушінің айыппұлы кешірілді
515
оқылды

2019 жылғы 20 мамырға дейін республика бойынша 37 150 салық төлеуші салық берешегін өтеді. Енді олардың 1,9 млрд теңге өсімпұлы мен 98,7 млн теңге сомасындағы айыппұлы есептен шығарылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев хабарлады.

«Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде шағын және орта бизнес субъектілеріне негізгі салық сомасын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлын есептен шығару бойынша салық рақымшылығы жүргізіліп жатқаны белгілі. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 90 077 шағын және орта бизнес субъектілерінде өтелмеген салықтық берешегі болған, олардың бересі сомасы 210,4 млрд теңге, өсімпұл – 122,9 млрд теңге, айыппұл – 7,4 млрд теңгені құраған еді», – дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, салық рақымшылығы  жыл  соңына дейін жалғасады. Соған байланысты шағын және орта бизнес субъектілеріне жиналған қарыздардан құтылып, мемлекеттік кірістер органдары қойған барлық шектеулердің күшін жою мүмкіндігі бар екенін ескертеді.

Сонымен қатар, комитет 2019 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салық  қарызы бар  жеке тұлғалар үшін де рақымшылық жарияламақшы.  Бұл  мақсаттағы салықтық заңнамаға  түзетулер қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатыр. Егер ол түзетулер қабылданған жағдайда 1 390,0 мың адам рақымшылыққа жатады, оларға 13,9 млрд теңге сомасында бересіні төлеу шартын орындаған кезде 7 млрд теңге өсімпұл есептен шығарылады.