Түркістан облысында 15 орман дала өрті тіркелді
Түркістан облысында 15 орман дала өрті тіркелді
193
оқылды
Биыл оңтүстік өңіріде қыс кеш шығып, ауа-райы осы кезге дейін салқын тартып тұрғанмен, соңғы аптада бірден аптап ыстық басталып кетті. Дегенмен, тілсіз жау мезгіл таңдамайтынын көрсетіп отыр. Атап айтсақ, биылғы жыл басынан бері Түркістан облысында Орман шаруашылығы жерлерінде 15 өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді. Түркістан облысы аумағында 2020 жылдың 3 айында жергілікті Орман шаруашылығы жерлерінде 15 өрт оқиғасы тіркелді. Жалпы орманды дала өрті 2347,8 гектар жерді шарпыған. Оның орманды алқабы – 287 гектар, ормансыз алқабы – 2060,8 гектар. Нәтижесінде орман шаруашылығына 802,2 мың теңге материалдық шығын келген. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, қазіргі таңда орман дала өрттерінің жиілеп кетуіне байланысты тілсіз жауға қарсы күрес және қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Түркістан облысы – Ағымдағы жылдың 22 сәуіріне жоспарлы облыс аумағындағы орман-дала өрттерінің алдын алу бойынша ТЖК отырысы өткізіліп, қала аудан әкімдеріне және мемлекеттік мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасарына 2020 жылдың өрт қауіпті маусымында Түркістан облысының аумағында орман, дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітуге ұсынылды, – деді Е.Нұрғалиұлы. Жыл басынан бері «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жерлерде 12 мәрте өрт ошақтары сөндірілді. «Созақ орман және жануарлар әлемінің қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде» 1 рет, «Отырар орман және жануарлар әлемінің қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде» 2 рет өрт тіркелген. Айта кетейік, 2019 жылдың 3 айында ешқандай өрт оқиғасы орын алмаған. Жалпы өткен жылы 5 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 63,1 гектар жер отқа оранып, орман шаруашылығына 562,2 мың теңге шығын келген.

Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.