Ырыс көзі – еркін кәсіпкерлік
Ырыс көзі –  еркін кәсіпкерлік
350
оқылды

Мемлекет монополистердің өз жағдайын теріс пайдалануының жолын қатаң түрде кеседі, негізсіз қымбатшылықпен күреседі, бәсекелестік жолындағы кедергілерді жояды. Бұл жайында Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысын өткізген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Жиынға Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­ла­тасы төралқасының мүшелері, ұлттық компания­лардың және қазақстандық бизнестің өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік – экономиканы дамытудың және елі­міздің әл-ауқатын арттырудың негізгі факторларына айналғанын атап өтті. Сондықтан да отырысқа «Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасын жаң­ғыртудың негізі» деген тақырып арқау болды.

– Өткен жыл біздің бизнес үшін табысты болды. Нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 11 пайызға артып, 1,3 мил­лионға жетті. Шағын және орта бизнес өндіретін өнім көлемі 14 пайызға өсіп, 26,5 триллион теңгені құрады. Экономикадағы ШОБ үлесі бір жыл ішінде 25,6 пайыздан 28,3 пайызға дейін ұлғайды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Қазақстанда бұрын өн­дірілмеген 500-ден астам өнім түрлері шығарыла бастады. Экспорттың өрісі кеңеюде: отандық өнімдер әлемнің 120 елінің нарығына жеткізіледі. Алайда жетістіктер сыртында, бірқатар проблемалар да бар. Бұл – іскерлік ахуал, тауарларды өткізу на­рығы, қаржыландырудың қол жетімділігі сияқты мәселелер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қолайлы іскерлік ортаны, бизнесті тиімді қолдауды және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар міндет белгіледі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы 2025 жылы елімізде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 35-40%-ға дейін жеткізу туралы жаңа міндет қойды.

Ел басшылығы бәсекелестіктің дамуына баса мән беретін болды.

– Біз монополиялық жағдайды теріс пайда­ланудың жолын батыл түрде кесеміз. Негізсіз жоғары бағалармен күресеміз. Бәсекелестіктің алдынан тұратын кедергілерді жоямыз. Былтыр Елбасының тапсырмасы бойынша 108 заңнамалық актіге ревизия жүргізілді және бәсекелестікке тұсау бо­латын шамамен 2,5 мың норма анықталды. Олардың бір бөлігі жойылды. Әйткенмен, бұл жұмыс аяғына дейін жеткізілмеді. Үкімет, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, нормативтік кедергілерге ревизияны аяқ­тауы және олардың заңнамалық деңгейде алып тас­талуын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ барлық бас­ты тауарлық нарықтардағы жағдайға мұқият тал­дау жүргізген және нақты шаралар қабылдаған жөн. Халық бізден сапалы әрі бағасы қолжетімді тауар­лар мен қызметтер күтіп отыр. Кез келген мо­но­­полизацияның тамырына балта шабылуға тиіс, – деді Президент.

Ол Үкіметті жыл соңына дейін осы мәселелерді шешу жөніндегі жол картасын әзірлеуге міндеттеді. Баяндамада қазақстандық компаниялардың қаржылық орнықтылығын арттыру және отандық кәсіпкерлердің біліктілігі мен бизнес-дағдыларын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазақстанда банкроттық рәсімдерінен өтіп жатқан кәсіпорындардың саны 4 мыңға дейін өскен, ал олардың берешегі 4 триллион теңгеден асқан.

– Көптеген кәсіпорындар ұзақ жылдар бойы осындай ахуалда тұра береді. Мұндай тәжірибені тоқтату керек. Өйткені осы кезеңде қызметкерлер жалақы алмайды, активтері болса, не дәрменсіз кәсіпорынға тиесілі болмайды, не кредиторлар иелігіне өтпейді. Салдарынан, олар экономикалық айналымнан толығымен шығып қалады. Сауықтыру мен банкроттық рәсімдерінің шарттарын түбегейлі жеңілдетуіміз және мерзімдерін қысқартуымыз қажет. Үкімет ЭЫДҰ елдерінің үздік тәжірибелерін қолдана отырып, банкроттық туралы заңды жаңадан қабылдау мәселесін зерделеуге тиіс! – деп тапсырды Қ.Тоқаев.

Сөз соңында ол еліміздің жоғары басшылығы отандық бизнеспен жүйелі сұхбаттастық жүргізе алуы үшін Ұлттық инвесторлар кеңесі «тұрақты жұмыс істейтін алаңға» айналуға тиістігін нықтады. Мемлекет басшысы осы орайда Үкіметке кеңес жұмысының жаңа форматын бекіту жөніндегі жарлық жобасын әзірлеп, қол қоюға енгізуді тапсырды.