Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық гвардияның әскери бөліміне барды.
Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы нысанды аралау барысында 5 573 әскери бөлімінің макет-үлгісімен және ақпараттық тақтасымен, жатын және қызметтік инфрақұрылымдарының жағдайымен танысты. Сондай-ақ әскерилердің оқу-жаттығу нысандары мен қару-жарақ көрмесін аралады.
Қазақстан Президенті Ұлттық гвардияның командалық құрамы мен әскери қызметкерлермен әңгіме барысында олардың елдегі тұрақтылықты сақтауда, азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды міндеттер атқарып жүргендерін атап өтті. Сонымен қатар әскерилердің әлеуметтік мәселелеріне жеке тоқталды.
– Кредиторлық қарыздар, әсіресе, баспанаға төлем – өз алдына жеке мәселе. Үкімет осы қарыздарды толық өтеу бойынша түпкілікті шара қабылдауы қажет. Әскерилердің әлеуметтік мәселесі туралы сөз жүзінде айтылып, іс жүзінде тиісті міндеттемелердің орындалмауына жол берілмеу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Ішкі істер министрлігіне әскери бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын шыңдап, құрылымдардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту жөнінде тапсырма берді.