Бәрі ниетке байланысты
Бәрі ниетке байланысты
448
оқылды

Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» кіші бағдар­ламасын іске асыру аясында Астана қаласында Мәдениет және өнер саласы қызмет­керлері күніне орай, Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкер­лерінің «Рухани қазына» фестивалі өтті. Фестивальға республика­мыз­дың Мәдениет және спорт министр­лігіне қарасты кітапханалар мен музейлердің қызметкерлері қатысты.

Кейде емес, негізінен көбінесе мәдениет сала­сына кейінгі кезекте көңіл бөлініп келгені рас. Ел руха­ния­тын қалыптастыруда кітапханалар мен музей қыз­меткерлері күн сайын қанша жұмыс атқарып жатыр. Нағыз машақаты мол мехнатты бейнет. Осы сала мамандарының да көзі ашылатын күні болады екен.

Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған «Рухани қазына» фестивалі мәдениет саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжіри­белерін көрсетуді көздейді. Осы фестиваль шеңбе­рінде түрлі пленарлық отырыс, шығармашылық алаңдар, шеберлік сыныптар және «Рухани қазына–2019» республикалық байқауы өткізілді.

Былай қарағанда кезекті бір науқандық шара секілді. Ең басты нәрсе не? Еліміз бірыңғай мәдени кеңістікте өмір сүруі шарт. Елдегі кітапханалардың жұмысы жаңа жағдайға қарай бейімделуі маңызды. Қоғамдық сананы жаңғырту әрекеттері осы мекемелерде өріс алуы тиіс.

Кітапханашылар мен музей қызметкерлері азғантай жалақыға жұмыс істейді. Негізінен, бұл салаға өз ісіне шын берілген, мақтау мен марапатты көп күте қоймайтын адамдар барады. Мәдениет ұйымдары рухани жаңғыру ісінің алдыңғы шебінде болуы керек. Халыққа мәдени қызмет көрсету – ең мәртебелі іс. Қазір ескі әдістермен жұмыс істейтін болса, кітапхана мен музейлерге келушілер қа­тарын арттыру қиынға түседі. Сондықтан мәдени қызметтер мазмұны түбегейлі өзгергені абзал. Бұл бағыттағы оң тәжірибелермен бөлісу, мәдени мұраларымызды кеңінен насихаттау, сала маман­дарының білігі мен білімін арттыру – ұдайы назарда болатын тірлік.

Осы тұрғыдан алғанда, кітапханашылар мен музей қызметкерлерінің ел ордасына келіп, өзара бас қосуының өзі үлкен мереке. Енді осы сала мамандарының Қазақстанды аралап, көруі, туған елімізді ішінен тануы деген мәселе шығады. Шекаралас өңірлердегі бірқатар кітапхана қыз­меткерлері іргедегі Ресей елімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Солардың біразынан «Қазақстанның басқа өңірлерінде болдыңыздар ма?» деп сұрап көрдім. Көбісі өз аймағынан алыстап ешқайда шықпаған. Солтүстік өңірдегі кітапханашылар Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыс­тарында өмірі болып көрмеген. Осы үлкен олқылық емес пе?

Фестиваль тағылымы қандай? Өзара тәжірибе алмасқан, арнайы сала бойынша сайысқа түсіп, жүлдеге ие болу – жақсы нәрсе. Руханият май­данының алдыңғы шебінде жүрген азаматтар, ең алдымен, Қазақстанның мәдени мұраларымен кеңірек таныс болуы қажет-ақ. Осы ретте сала мамандарын республика өңірлеріне арнайы сапарлату ісін ұйымдастырсақ, дұрыс болар еді.

Бәрі ниетке байланысты. Оң ниет болса, ойда­ғыны орындау оңай.