Елордадағы «Жерұйық» саябағында Қазақстан Президентіне кандидат Сәдібек Түгелді қолдауға арналған концерт өтті. Концертке жиналған қала тұрғындары мен қонақтары алдында сөз алған үміткер С.Түгел қызық естелігімен бөлісті.
«Осы саябақта сіздермен кездесуімде осыдан 20 жыл бұрынғы ерекше оқиғаны еске алғым келіп тұр. Ол кезде елорда әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқаратын едім. Елордада оң жағалау ғана болатын. Үлкен демалыс орындарының ішінде алғаш ашылған саябақтың атауы қандай болады деген журналистер сауалына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өздерің қандай ат ұсынар едіңдер?» – деді, менің «Жерұйық» болса деген ұсынысымды бірден қолдады. Осылайша еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған көштің Асан Қайғы бабамыз айтқан елорда – «Жерұйығы» болды. Бұл – осы саябақтың менің өмір жолыма қатысты тарихынан бір үзік сыр.
Бүгін маған қолдау көрсетіп келген барлығыңызға ризашылығымды білдіремін. Жиналған жастар мен аға буын алдында өзімнің сайлауалды бағдарламамның түйіні іспеттес төрт тұғыры жайлы таныстырып өтейін. Ол – ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүрімізді дамыту, жемқорлыққа тосқауыл қою мен демография мәселесіне зор көңіл бөлу», – деді ол.
Мәдениет қайраткері Қайрат Ахметов, танымал әнші, Польшаның мәдениет қайраткері Бибігүл Ысқақова елорда, туған жер жайлы патриоттық әндер шырқады. Белгілі иллюзионист Кәрім Мұтырғанов, Нұр-Сұлтан қаласындағы каратэ федерациясының спортшылары өнер көрсетті. Жиналғандар ақын Дидар Оралбекұлының қоғам қайраткері, жазушы- журналист Сәдібек Түгелге арнаған «Жерұйығы елімнің» атты өлеңін нақышына келтіріп оқыған ардагер диктор Күләш Молдахметованың өнеріне қол соғып, ықыласын білдірді. Қолдау концертін кандидат Сәдібек Түгелдің «Нұр-Сұлтан» қаласындағы сайлауалды штабы ұйымдастырды.
Айдана БЕГІМ