Әлем бойынша аутизмі бар балалардың саны артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша әлемдегі 160 баланың біреуі аутизм спектрінде дүниеге келеді екен. Аутизмге шалдыққан балалардың санының көп болуы мамандарды да алаңдатып отыр.
Ресми деректер бойынша Қазақстанда аутизмі бар 5 мыңға жуық бала бар. Бұл орайда елімізде аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру ісі қолға алынды. 2015 жылы «Болашақ» корпаративтік қоры «Әр бала мектепке лайықты» жобасын бастады. Аталған бағдарлама аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда енгізуге бағытталған.
Бұл жоба аясында мамандандырылған бейімдеу және балаларға арналған әлеуметтік 10 мекеме жабдықталды. Бүгінге дейін Қазақстанның 17 аймағында 41 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Соның арқасында аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар 380-нен астам бала күнделікті мектепке баруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ 2018 жылдың маусым айында «Болашақ» КҚ көзі көрмейтін және нашар көретін адамдарға арналған «Цифрлық кітап және оның кітапханадағы келешегі» дыбыс жазу студиясын ашты.
Жұмыс барысында балаларында ерекше білім алу қажеттіліктері бар 1 200-ден астам отбасына консультация берілді. 1 250-ден астам білім беру маманы инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлықты талдау бойынша оқудан өтті. 420 жұмыс орны ашылды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды алаламау және сапалы білім алу негізінде қолданыстағы ҚР заңнамасына 70 өзгеріс енгізілді.
Айта кетейік, «Әр бала мектепке лайықты» жобасы жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында өткізілетін қысқы қайырымдылық балынан жиналатын қаражат есебінен жүзеге асырылады. Сондай-ақ Nur Otan партиясы «Кедергісіз келешек» жобасының «Инклюзивті білім беруді дамытуға қолдау көрсету» бағытында «Болашақ» корпаративтік қорымен бірлесе жұмыс істеуде.
– Бұл оқыту орталығына келген соң көп өтпей нәтижесі де көріне бастады. Бір жыл ішінде балам сөйлей, оқи, жаза бастады. Мінезі де өзгерді, аз ашуланатын болды. Ұлым екеуміз бір-бірімізді еркін түсіне бастадық. Қазір ол өз бетінше мектебіне бара алады, қалада еркін жүріп-тұра алады. Бұл жобаның қанаты кеңінен жайылса деймін. Өйткені кейбір шалғай аймақтардағы ата-аналар әлі де осындай жобаларға мұқтаж. Жоба аутизмге шалдыққан баласы бар әрбір ата-ананың жүрегіне үміт отын жақты, – дейді ол.Бір жыл бұрын қор Қазақстанда алғаш рет «Астана Опера» астаналық театрында аутистік спектрі бұзылған және менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» атты музыкалық-поэтикалық концерт өткізді. Симфониялық оркестр жануарлардың дыбыстары мен дауыстарын кнақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ Қор Қазақстанда алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген кинокөрсетілімдер ұйымдастырды. Оған 769-дан астам бала келді. Айта кетейік, қазіргі уақытта «Болашақ» корпоративтік қорының инклюзивті білім беру жобасына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Жобаға аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 7 мен 11 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Жобаға қатысу үшін www.bolashakcharity.kz сайтындағы сауалнама-өтінімді толтыру маңызды. Сауалнамада баланың диагнозына, білім деңгейіне, дағдыларына және вербалды коммуникацияға қатысты сұрақтар бар. Баланың оқуға және әлеуметтенуге қабілетін бағалау мақсатында анкетаға баланың мінез-құлқы туралы бейнематериалдарды қосу қажет. Өтінімдер осы жылдың 7 сәуірінен 4 мамырына дейін www.bolashakcharity.kz сайтында қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, аталған жоба аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалардың мінез-құлқының бұзылуын түзететін және білім беруде қолданылатын әдістердің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.