«Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева сайлауалды науқан барысында Шортанды ауылына барды. Үгіт-насихат шаралары Ақмола облыстық штабтың ұйымдастыруымен өтті. Оған штаб мүшелері Дмитрий Васильев, Меруерт Қазбекова және партияның аймақтық белсенділері қатысты.
Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт тобы А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өнеркәсіп орталығына ат басын бұрып, орталықтың соңғы жетістіктерімен танысып, ғалымдарға не қажет екенін сұрап білді. Орталықтағы сұрыптау зерттеуі нәтижесінде бидай, арпа, тары және басқа да дақылдардың 60-қа жуық жаңа түрі шығарылған.
Бұдан соң, үміткер Шортанды ауданының бюджеттік қызметкерлерімен, кәсіпкерлерімен кездесті. Аудандағы 1300-дей адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Д.Еспаева сайлаушыларды өз бағдарламасымен таныстырып, экономиканың басым салалары үшін төмендетілген қосымша құн салығы мөлшерлемесін енгізу сияқты ұсыныстарын айтты.
«Дәл осындай ауылдық елдімекендерде бизнесті көбіне әйелдер ашады. Нанды пісіретін кім? Шаштараз ашатын кім? Сұлулық салонын ашатын кім? Әрине, әйелдер. Біздің кездесулерімізде сайлаушыларға бағдарламамдағы негізгі тұстарды атап өтемін. Мен үшін, мына залда отырған әйелдердің менің сайлауға ұсынылуымды оң қабылдағаны маңызды. Өзімді еліміздің басты лауазымына ұсыну арқылы – өзім үшін ғана емес, барлық қазақстандық әйелдер үшін батыл қадам жасадым. Бұл демократияға деген қадам, саяси және экономикалық салада әйел адамның мүмкіндігі ер адамдармен тең екендігінің көрінісі», – деді кандидат.
Үгіт шарасы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында жалғасты. Үгіт тобы қазақстандық Агро инновациялық корпорация ұжымымен кездесті. Кездесу аймақтық штабтың ұйымдастыруымен өтті.
Айдана БЕГІМ