Арнайы экономикалық аймаққа келді
Арнайы экономикалық аймаққа келді
442
оқылды

Қазақстан коммунистері атынан президенттікке үміткер Ж.Ахметбеков «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысшыларымен кездесті. Отандық тауарға сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күресу бағдарламасын қабылдауды, оны жүзеге асыру үшін жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Байлар мен кедейлер арасындағы алшақ­тық жылдан-жылға артып келе жатыр, ауқатты адамдар қоғам есебінен өздеріне қымбат үй, автокөлік алып жатады. Ал өз еңбектерімен ақша тауып жүргендер аз жалақыға күн көруге мәжбүр. Табыстың әділетсіз үлестірілу жүйесін тоқтату қажет. Еңбек адамы өз еңбегіне сай жалақы алуы тиіс», – деді ол.

Коммунист-үміткер өз сөзінде коммунистік идеология жиі сынға ұшырайтынын атап өтті. Бірақ ҚКХП ізашарлардың қателіктерінен нәтиже шығару арқылы қазақстандықтардың сеніміне ие бола алды деп санайды.

Үміткер партия және оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясы қазақстандық саясаттың бел ортасында еңбек адамы, оның өмірі, зияткерлігі, мәдениеті мен саламат­тылығы, ел мен қоғамға қызмет етуге деген ұмтылысы болуын талап етуді жалғастыратынын жеткізді.

Сондай-ақ Ж.Ахметбеков заманауи Қазақстанның басты құндылығы – бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау керегін айтты. Кәсіпорын жұмысшылары үміткерге әлеуметтік сипаттағы сұрақтарды қойды. Кандидат аймақта газ бен электр қуатының жоғары та­рифтері, жұмыссыздық, денсаулық мекеме­лерінің тапшылығы сияқты мәселелерге қатысты сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысты. Жиын соңында Ж.Ахметбеков сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.

 

Айдана БЕГІМ