Сенат төрағасы Дариға Назарбаева «Дохий дебаттары» телебағдарламасының басқарушы директоры Амджад Аталлахпен кездесті.
Жүздесу барысында өзара іс-қимылдың келешегі зор жобалары, атап айтқанда Еуразиялық медиа форумның аталған телебағдарламамен ынтымақтастығы талқыланды.
Бағдарламаның мақсаты – көпжақты пікірсайыстар мен нақты іс-қимылдар арқылы жаһандық проблемалардың бірлескен шешімдерін іздестіру. Бұл Еуразияның және бүкіл халықаралық қоғамдастықтың геосаяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуының негізгі проблемалары бойынша еркін және ашық пікірлесуді жолға қоюға бағытталған ЕАМФ миссиясымен үндес келеді.
А.Аталлах Еуразиялық медиа форум аясында «Масс-медианың сандық ақиқаты: біз сын-қатерді қабылдаймыз ба?» тақырыбы бойынша өткен отырыста сөз сөйледі.
Ал Сенат басшысының ресейлік ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманмен кездесуі барысында «Деглобализация: әлем дамудың жаңа үлгілерін іздестіруде» отырысы аясында болған пікірталастар талқыға салынды. Онда төрағалық етушілер жаһанданудың қазіргі әлемдік дағдарысқа әсері және деглобализация көріністері туралы айтқан болатын.
М.Гусман Қазақстанда 2002 жылдан бері өтіп келе жатқан ЕАМФ қалыптасуы мен дамуына Дариға Назарбаеваның қосқан жеке үлесін атап өтті. Форумның ауқымды бағдарламасы өзекті тақырыптарға арналған ашық пікірталастарға, спикерлердің мазмұнды сөздеріне, әлемдік сарапшылардың шеберлік сыныптарына толы болды.
Форум аясында сондай-ақ осы саланың кәсіби мәселелері – цифр әлеміндегі журналистиканың болашағы мен блогосфера ықпалының өсуі талқыланады.
Ресейлік беделді медиаменеджер Алматыдағы медиафорумның өзін таңғалтқанын мойындады. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, сондай-ақ Қазақстанның ішкі саяси жағдайы бойынша да пікір алмасты.