Ақмола облысының үш тұрғыны мемлекеттік қызметшілерге сыйлық бергені үшін жазаланды, – деп хабарлайды облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл туралы «Аntiкor.live» жобасы аясында өткен онлайн-брифинг барысында мәлім болды. Брифингте мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауы, оның ішінде қызметтік өкілеттігін орындауға байланысты сыйлықтарды қабылдамау және сыйлықтарды арнайы мемлекеттік қорға тапсыру мәселесі айтылды.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамаға сәйкес, жеке тұлғалардың мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтер көрсеткені үшін, егер де бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қарастырылған әрекет белгілері болмаса, 200 АЕК (2020 жылы 555 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер немесе қызметтерді оларды ұсынған тұлғалардың пайдасына әрекеттерi (әрекетсiздiгi) үшiн алуы, егер мұндай әрекеттер (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның немесе оған теңестiрiлген лауазым иесінің қызметтiк өкiлеттiктерiне кiретiн болса, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, 600 АЕК (2020 жылы 1 666 800 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деп ескертті брифингте Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин.
Оның айтуынша, өткен жылы заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін 3 жеке тұлға жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам әкімшілік жауапқа тартылған.
«Азаматтарды көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтері үшін қалыптасқан лауазымды тұлғаларға материалдық ризашылық білдіру әдетінен бас тартуға шақырамын, себебі бұл әрекеттер екі тарап үшін де жағымсыз салдарларға әкеп соғуы мүмкін. Құрметті азаматтар, егер сіз қандай да бір сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтың куәсі болсаңыз, онда дереу 1424 Саll-орталығына хабарлаңыз. Сонымен қатар, сіз аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне хабарласа аласыз», - деп толықтырды А.Бердалин.
Айта кету керек, алдағы мерекелер қарсаңында Ақмола облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдарға лауазымдық міндеттерін орындау кезінде сыйлықтар мен өзге де игіліктер мен артықшылықтарды қабылдауға тыйым салынатынын еске салады.