«Самұрық-Қазына» қоры мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру туралы бiрегей меморандум қабылдады. Құжатқа ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен министр Бердібек Сапарбаев қол қойды.
Меморандум аясында тұрмысы нашар, көпбалалы отбасылардағы, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға душар болған отбасылардағы балаларға, қарттарға, мүгедектерге, ардагерлерге, жастарға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында бірлескен жұмыс атқарылады.
Атап айтқанда, тараптар Қазақстанда емі табылмайтын ауруларға шалдыққан кемінде 100 баланы шетелге емдеуге жібереді, кемінде 100 баланың аутизмінің дәрі-дәрмексіз түзелуін қамтамасыз етеді, сал болып қалған 1500-ден астам баланың медициналық реабилитациясын жүзеге асырады, шалғайдағы елдімекендердің ең кемі 60 мың тұрғынына медициналық көмек көрсетеді.
Бұған қоса, кемінде 1500 баланың денсаулығын нығайтуға және шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған аула клубтарын дамыту ісі жалғасын табады. Қияндағы кенттер мен стансаларда тұратын 600 балаға Қазақстан бойынша экскурсия өткізіледі. Ұлы Отан соғысының 1400-ден көп ардагері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік-тұрмыстық көмек жасалып, олардың Қазақстан мен ТМД елдерінде барлық теміржол бағыттарымен тегін жүруі ұйымдастырылады. Кем дегенде 40 әмбебап спорттық және балалардың ойын алаңдары орнатылады.
Мұның сыртында, жасы 18-ге дейінгі 30 бала мен жасөспірімнің интеллектуалдық, шығармашылық және спорт сайыстарына қатысуы үшін жол шығындарын көтеру жоспарланған. ЖОО-лардың әртүрлі салалық міндеттерді шешуге қабілетті 30 дарынды түлегін іріктеп алып, дамыту көзделуде. Ең кемі 60 түлекті өндірістік салаларды цифрландыру жобаларында тағылымдамадан өтуге тарту және кейіннен жұмысқа орналастыру қарастырылған.
Сондай-ақ меморандум кем дегенде 50 коммерциялық емес ұйымның бастамаларына қаржылай және басқа да қолдау көрсету арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті өркендетуге, бекітілген ереже аясында тауарларын сатып алу жолымен өндіруші мүгедектер ұйымдарын қолдауға бағытталған.
–Бұл келісімге Елбасының «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасының аясында қол қойылды. Меморандум әлеуметтік саланы ары қарай тиімді дамыту, жекелеген санаттағы азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеру және әлеуметтік бастамаларды іске асыру мақсатында күш-жігерімізді біріктіруге мүмкіндік береді, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Бердібек Сапарбаев бұл бағыттағы бірлескен жұмыс әлеуметтік мәселелерді ұтымды шешудің жаңа жолдарын ашатынын айтты.
Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры – ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін барлық компаниялардың қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы болады.