Алматы облысы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел уәкілдері бір топ тұлғаның карантин аймағының шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғанын анықтады.
«Қарасай ауданындағы Көкөзек ауылы маңында карантин кезінде жолаушыларды заңсыз тасымалдау дерегін тексеру барысында тәртіп сақшыларының назарына 5 адамнан құралған топтың әрекеті күдік тудырған. Олар Алматы қаласының аумағынан Алматы облысына блокпосттарды айналып, жасырын өтуге тырысқан. Сонымен қатар, полицейлер заңсыз өтушілерді алдын ала келісім бойынша белгіленген жерде күтіп тұрған такси жүргізушісін де ұстаған», - деді Алматы облысы ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Әсет Карменов.
Ұсталған бес азамат пен кәмелетке толмаған жасөспірімнің анасына төтенше жағдай тәртібін бұзу дерегі бойынша ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Толтырылған хаттама сотқа жіберіліп, құқық бұзушылар әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
Айта кетейік, облыстық полицияның Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері Алматы облысы аумағындағы шектеу және блокпосттарда тұрғындардың заңсыз әрекеттерін болдырмау және оның алдын алу шараларын белсенді жүргізуде.