Пәтер иелері ақшасын төлей алмаған клиенттерін далаға қуып жатыр
Пәтер иелері ақшасын төлей алмаған клиенттерін далаға қуып жатыр
Фото: Интернеттен алынды
374
оқылды
Төтенше жағдай Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында пәтер жалдап, күнелтіп жүргендерге ауыр тиді.   Кейбірін тіпті қызметінен қысқартып жіберген, – деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы. Жалдамалы үйде жан баққандардың жағдайы мәз емес! Кейбір пәтер иелері қысылтаяң шақта жалға алу құнын арзандатып жатса, кейбірі баспанасын жалдағандарды қуып шыққан. Телеарнаның хабарлауынша, елордада қанша отбасының пәтер жағалап жүргенін нақты ешкім білмейді. Себебі, пәтерді жалға алу мен берудің тәртібі әлі күнге белгіленбеген. Көлеңкелі бизнес қызып тұр. Онсыз да пәтерақы арзан емес еді. Карантин енгізіліп, жұмыс тұралағалы бері төлем жасау тіптен қиындап кетті. Қиналып жүргенердің бірі – Әйгерім Беркімбаева. Бір өзі төрт баласын асырап,  жатақханада тұрып жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты балдырғандарын туыстарына беріп жіберген. Қазір аядай бөлмеде жұмыссыз отыр. Сатушы болып еңбек еткен. 1 сәуірден бастап «боссың» деп есікті көрсетіпті. Көпбалалы ана  Әйгерім Беркімбаева: «Коммендант бүгін кешке менің ақшамды күтіп тұр. Мен бүгін 53 мың теңге беруім керек квартирама. Менде бір тиын жоқ. 42500 алдым. Оны өткен айға төледім. Тағы 42500 түсе ме, жоқ па ол жағын білмеймін», – дейді. Қала тұрғыны Бота Тұңғышбаева жатақханадан пана тапқан. «Ол кісі аренданың ақшасы  25-не дейін, сол уақытқа дейін тұр да квартираны босат деді.  Мен еш қарсылық білдірместен, келістім. Менің 3 балам бар. Жалғызбасты анамын. Алимент алмаймын. Өз жалақыма бала-шағамды асырап жүргенмін.  Ол жақтан көшіп кеттім. Қазір жатақхананың 16 шаршы метр бір бөлмесінде тұрып жатырмын». Тағы бір мәселе, пәтерді жалға алушылардың көбінде үйдің иесімен келісім-шарты жоқ. Не дұрыс толтырылмаған. Ал карантин жағдайында Азаматтық кодекске сүйене отырып, далада қалмаудың жолын қарастыруға болады екен.
Заңгер Шыңғыс Сефулла: «Егер жалға алушы төтенше жағдай салдарынан табыс көзінен айырылса онда пәтер иесі одан пәтер ақысын талап етуге құқығы жоқ. Әдетте мұндай келісімдер екі тарап арасында жасалған келісім-шартта қарастырылып жатады. Заңға сәйкес, бұл жеңілдікке қол жеткізу үшін пәтерді жалға алушы пәтер ақысын төлей алмауының барлық себебін пәтер иесіне хабарлама жіберуі тиіс. Пәтер иесі мұнымен келіспеген жағдайда соттың заңды күшіне енген  шемімімен ғана жалға алушыны босатып шығара алады», – дейді.