Шығыстағы өрт
Шығыстағы өрт
223
оқылды
Биыл Шығыста көктем ерте шығып, Жер-ана да қар құрсауынан ерте арылды. Таулы өңірлер болмаса, тас­қын қаупі жоқ жазық ай­мақ­тардың бәрінде жер құр­ғап, малдың өрісі де, адам­ның аяғы да ұзарды. Әдетте, бұл мезгілде ауылда да, қалада да тұрғындар аула­сын қо­қыстан тазалап, жап­пай сен­білік науқаны баста­ла­тыны, жиналған қоқыстың өртелетіні белгілі. Өкінішке қарай, тиісті өрт қауіп­сіздігін сақтамаудың кесірі­нен биыл Шығыс өңірінде өрт өте жиілеп кетті. Сала мамандарының айтуынша, тек сәуір айының ба­сынан бері 41 дала өрті тіркелген. Мәселен, соңғы бірнеше тәу­лік ішінде облыс аумағында 27 дала өрті тіркелген. ШҚО Төтенше жағдайлар департа­мен­тінің ақпараты бойынша, дала өрті Үржар, Бесқарағай, Күршім, Жарма, Қатонқарағай, Глубокое, Көкпекті, Ұлан ауданында тір­келген. Өрттің жалпы аумағы 98 гектардан асады. Жалынның тұтануына қоқыстарды өртеу мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақ­тамау себеп болған. Жасыл алқап пен жасыл орманды жалмаған мұн­дай жағдай жыл сайын қайта­ланатыны, өкінішті. Биыл облыстағы ең үлкен өрт Бесқарағай ауданында тіркелді. Оның аумағы 2 мың гектардан асқаны барлық республикалық БАҚ-та айтылып, жазылды. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының мін­детін атқарушы Қанат Әбділовтің айтуынша, 90% жағдайда орман өртінің негізгі себебі – найзағайдан келеді екен. – Сәуір айында ғана 41 рет дала өртенді. Тілсіз жауды 2 рет жергілікті атқарушы органдар өз күштерімен өшірсе, қалғанын өрт сөндірушілер ауыздықтады. Бүгінгі таңда облыс бойынша өрт сөндіру қызметінде жеке құрамда 2 211 құтқарушы мен 452 техника жұмыс істеуде. Сондай-ақ 23 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Олардың құрамында 2 мыңға жуық адам, 214 трактор мен 213 бірлік техника бар, – деді Қанат Әбділов Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында. Оның айтуынша, тұрғын үйлерде және далада шыққан өртті жылдам сөндіру үшін өрт бекетін құрудың маңызы зор. Осы жылы Шығыс Қазақстанда мұндай 15 бекет ашу жоспарланып отырған көрінеді.  

Өскеменнің маңында өрт күшейіп тұр

Өңірдің далалық аймақтарын айтпағанда, облыс орталығы Өскемен маңында да биыл өрт күшейіп тұр. Таяуда құтқарушылар қаладан шыға берістегі Шешек асуында шыққан өртпен 6 сағат бойы арпалысты. Құрғақ шөпке тиген жалын желдің әсерінен кенет күшейе берген. Өрт сөн­діруге 89 құтқарушы мен 13 тех­ника жұмылдырылды. Тілсіз жау шамамен 280 гектардай аумақты шарпып кетті. – Өрттің өршіп, басқа ау­мақтарға тиюіне жол бермеу керек болды. Осыған бар күшті жұмсадық. Қазір құтқарушылар учаскені бақылауда ұстап отыр. Ал мемлекеттік инспектор өрттің шыққан жерін анықтауда, – деп мәлімдеді қалалық ТЖБ баспасөз қызметіндегілер. Сондай-ақ Өскеменге іргелес Ұлан ауданы Асубұлақ кенті ма­ңы­нан 5-6 шақырым жерде де құр­ғақ шөптің жануынан даланың өртенгені тіркелген. «Жағдай бақылауда. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша әуе күзеті өрт сөндіру үшін тікұшақты іске қосты. Дәл қазір оқиға орнын­дамын» деп жазды аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзінің Facebook парақшасына. Аудан әкімі хабарлағандай, өрт сөндіруге 70 адам, 4 өрт сөн­діру автоцистернасы, 3 «Уаз», 3 «Нива», 1 «Газель» автокөліктері жұмылдырылған.    width=  

Бесқарағайдағы өртті сөндіруге әлемдегі ең ірі тікұшақ қатысты 

 Ал республикаға әйгіленген, 23 сәуірде басталған Бесқарағай ауданындағы өртті сөндіруге облыстық ТЖД-ның 400-ден аса қызметкері мен 100-ден аса техникасы және дүниежүзіндегі ең үлкен тікұшақ – МИ-26Т жұмыл­дырылғанын бұған дейін жазған едік. – Бүгін (24 сәуір) сағат 7.40-тағы мәлімет бойынша, өртті сөндіруге 88 техника мен 293 адам жұмылдырылды. Оның ішін­де «ҚазАвиаОрманҚорғау» меке­месінің екі тікұшағы – МИ-2 және МИ-8 бар. Сонымен қатар сағат 7.30-да көмекке Көкшетаудан тағы бір тікұшақ шықты,– деп ха­барлаған болатын Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет сол кезде. Аталған комитеттің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет Көкшетаудан аттанған тікұшақ – әлем бойынша ең ірі тікұшақ екенін, МИ-26Т «Семей орманы» резерватындағы өртті сөндіруге жіберілгенін, борт бір сәтте 10 тонна су төге ала­тынын, одан бөлек, бортта өртті сөн­діруге атсалысатын Көкшетау гарнизонының 30 мүшесі көмекке келгенін айтқан болатын. Еліміздегі өртке қарсы қыз­меттің ерен еңбегі мен жұды­рық­тай жұмылғанының арқасында бұл ірі өрт те ұзаққа созылмай ауыз­дықталды. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі арнайы мәлім­деді. – Өрт сөндірушілер 25 сәуір күні сағат 19.00-де өртті толық өшірді. Жалын 3 948 гектар ау­мақты шарпыды. Өртті сөндіруге Шығыс Қазақстан облысы мен Ақмола облысындағы Төтенше жағдайлар департаментінің қыз­меткерлері жұмылдырылған бо­латын. Құтқарушылар тұрақты қыз­мет орындарына қайтып жатыр, – делінген комитеттің хабар­ламасында. Тілсіз жауды ауыздықтау тәу­лік бойы жүргізіліп, өртті сөн­діруге облыстық ТЖД, «Семей орманы» МОТР, «Ертіс орманы» МОТР, Ұлттық ұланнан 400-ден астам қызметкер мен 100-ден астам техника жұмылдырылғанын, ІІМ ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-26Т тікұшағымен және су шашу құрылғылары бар «Қа­завиаорманкүзетінің» МИ-8 тік­ұшағымен жану ошақтарына су төгу жұмысы жүргізілгенін еске салайық. Ал Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің салалық орын­басары Ержан Нұрбаев та оқиға орнында болып, өртті ауыз­дықтау шараларын ұйымдастыруға қатысты. Дегенмен бұл «осымен бәрі бітті» деген сөз емес. Енді жер­гілікті орманшылар «Семей ор­маны» мемлекеттік табиғи-орман резерватында ондаған жылдар бойы жайқалып өсіп, өңірдің көр­кін келтірген, бір-ақ сәтте күл болып, тақырға айналған ау­мақтың орнын тазалап, қайтадан жасыл алқапқа айналдыру үшін тағы да ұзақ жыл тер төгетін бола­ды. Тек енді қайталанбасын деп тілейік.  

Босаңсуға болмайды

Өртке қарсы қызмет өкіл­дері Шығыс Қазақстанда алда ауа температурасының әлі де жо­ғарылауына байланысты өрт саны артуы мүмкін екенін, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережесін мейлінше қатаң сақтауы керегін ес­кертеді. – Біздің мамандар Өскеменде рейд жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 6 бағбанға ескерту жасады. Енді бір рет ескерту алған азаматтар тәртіпке бағынбайтын болса, оларға 3 АЕК көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жа­уап­кершілікке тартылады, – деді облыстық Төтенше жағдай­лар департаментінің бөлімі бас­шы­сының міндетін атқарушы Алексей Штыкель.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы