Биыл – Жастар жылы. Ел болашағы жастардың білім алуына да, қоғамдық өмірге белсене араласуына да мол мүмкіндік берілген жыл. Әрине, қоғамда жастардың азамат, тұлға болып қалыптасуына көп жағдай жасалып отыр. Олардың білікті, бәсекеге қабілетті ұрпақ болып, әлемдік технологияларды игеруіне, заманауи құрылғылардың тілін жетік білуіне жол ашылды.
Жас ұрпақ өмірде қалыптасып, нәпақасын еңбекті еңселей отырып айыруына қандай жолмен келуі керек? Ол жолдың бірі – жастардың мамандығын таңдай алуында. Яғни, кәсіби, кәнігі мамандарды дайындау мен тәрбиелеуде олардың танымдық қабілеттерін айшықтай алып, жақсы мамандар дайындау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамалық бағдарламасының 6-шы тапсырмасында Үкіметке 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу жоспарын дайындап, қабылдауды; ЖОО мен колледж түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізуді тапсырған болатын. Оның қатарында әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетінін мойындау қажет. Сондықтан біліктіліктің ұлттық жүйесін (БҰЖ) құру жөніндегі барлық жұмысқа барынша екпін берілуі қажет. Олар тек нормативтік маңызға ие болып қана қоймай, сонымен қатар әрбір кәсіп үшін «жол картасы» да болуы қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Сонымен қатар Елбасының тікелей тапсырмасымен 2017 жылдан бастап еліміздің жастары тегін кәсіптік-техникалық білім ала бастады. Қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы аясында колледждерде мыңдаған студент білім алып жатыр. Қысқа уақытта нақты кәсіпті меңгеріп шығатын жастар енді ел экономикасына едәуір серпін берері анық.
Ел экономикасын өрге сүйреуші күш – жастардың мамандық таңдауы, кәсібін айшықтап, анықтап алуына мүмкіндік туған кез. Ол техникалық, гуманитарлық мамандық болсын, әйтеуір еңбек етіп, ел абыройын асқақтатар жастардың біліктілігі заман көшінен қалмайтын сұранысқа ие, тұрақты жұмыс орнына ие азаматтардың қатарында көрінетін мамандық иелерінің болғаны абзал. Қазір жаңа технологиялар көші көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өндіріске жаңа мамандықтар келуде. Нарық сұранысын, өнеркәсіп көшін түзейтін мамандықтар жаңашылдыққа да негізделген. Сондықтан мектеп қабырғасында ІТ технологиясын игерген жастар, жоғарғы оқу орны немесе арнаулы оқу орындарында білімдерін жалғастыра алады. Оған өндіріске енген оқу-әдістемелік, ғылыми-технологиялық бағыттағы жаңалықтар көмегі де зор. Бастысы – жастар мамандық таңдауда қателеспегені жөн. Ол оның өмірлік нәпақасы, шығар биігі, алар асуы, жетер жетістігі. Сан-салалы мамандық ішінен өзінің жүрегіне жақын, көңілінің көкжиегінен орын алған мамандықты игеруіне жастарға көп қамқорлық жасалып отыр. Жарқын болашағын жарқын біліммен ұштастырған бүгінгі жастардың таңдауы – болашағын таңдауы екенін ұмытпағаны дұрыс.
Өркен ШОҢМЫРЗАЕВ,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі өндірістік оқыту шебері,
Жамбыл облысы