М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры Кенжехан Матыжановтың ұйытқы болуымен Р.Бердібаев атындағы «Халық университетінің» кезекті дәрісін «Заман және замандастар»: Ш.Аймановтан – А.Әшімовке дейін» тақырыбында Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов жүргізді. «Алаштың Асанәлісі» деген құрметті атқа ие болған аңыз да абыз ағамыздың ойларын оқырманға ұсынып отырмыз.
Театр – шеберлікті шыңдайтын лаборатория
Киелі шаңыраққа келіп отырмыз, сондықтан тек қана шындық айтылуы керек. Ертеректе осы шаңырақта Әбділда Тәжібаев, Әлкей Марғұландармен кездесуге келгенім бар. Олардың айтқанының бәрі – тарих, шындық, өнеге. Мен жұмысымды кинодан бастадым. Бірінші курста, 17-18 жасымда «Ботагөзге» түстім. Содан тарих басталды. Киноға түсем деп оқудан шығып қалып, біраз қиындық көрген кезім де болды. Сонда да қиноға түсуді тастамай, консерваторияны бітіргенше үш-төрт фильмге түсіп қалдым. Киноға түсудің әдіс-технологиясын түсінбей тұрған кездегі бастау ғой, бірақ бәрі менің пайдама шешілді. Кейбіреулер бірден биіктен бастайды. «Қыз Жібектегі» Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтер де бірден биіктен бастады. Одан төмен түсе алмайды, одан жоғары және жоқ. Мен эпизодтан бастап, біртіндеп төменнен жоғары қарай көтерілдім. Бұл – табиғи қалып.
1956 жылы басталған киноға түсу қазірге дейін жүріп жатыр. «Әруақ» деген фильм түсіріп жатырмыз, бұл өзі маған ұнайды. Мұнда ылдым-жылдым, атыс-шабыс жоқ. Шалдың философиясы, көп нәрсені білетін, бірнеше тілді меңгерген адам. Жанұясы жоқ. Қаланың өмірі ұнаңқырамай, далаға өз бетімен кетіп, өзіне электр стансасын ашып, бау-бақша салады. Қасқырдың бөлтірігін асырайды, жетім баланы бауырына басады. Оның арманы, философиясы – бәрін аяққа тұрғызу. Бұл сол баяғы «Атаманның ақырындағы» Шадияровтың 80-дегі түрі. Солай бастағанбыз, дегенмен аздап өзгерістер жасап, даланың көпті көрген шалы етіп көрсетуге тырыстық.
Кино – танымалдылық, оның ауқымы, таралымы кең. Театр – шеберлікті шыңдайтын лаборатория. Маған екеуі де ұнайды, бірақ театрдың орны бөлек. Осы отырғанымыздың өзі – театр. Жүзбе-жүз кездесіп отырмыз. Мұндай оқиға екінші рет қайталанбайды.
Өнерге осылай келдік
Біз әкесіз өскен ұрпақпыз. Әкеміз үш жасымызда соғысқа кеткен. Еміс-еміс эпизодтар болмаса, есімізде жоқ. Шешейдің қарамағында болдық. Шешейдің өзі жиырмадан жаңа асқан. Менің жағдайыма қарап, қайта тұрмыс құрған жоқ. Жамбыл облысының Сарысу ауданында колхозда жұмыс істедік. Жазда орақ орамыз. Шешей жалғызілікті болған соң оны бір жылға Новосібірге қарағай кесуге жібереді. Әбден шаршап, қажыған болуы керек, Кентау қаласындағы туыстарды жағалап кетіп қалды. Сосын маған хабар беріп, соңынан мен де бардым. 9-10 сыныпты сол жақтан оқып, мектеп бітірдім. Шешем наубайханада жұмыс істеді. Күнде жұмыстан қайтқанда жарты келі, бір келі ақ ұн алып келеді. Мен барып түнде көмектесем, нан алып қайтам. Бір жылдай жиған ақ ұны үлкен бір қап болды. Райымбек (Сейтметов) екеуіміз сол ақ ұнды базарға апарып саттық. Ақ ұн қат болатын. Қырсыққанда ұн сатқан күні жел қатты тұрып, түріміз ешкім танымастай аппақ болды. Бірге оқыған балалар көріп қоймасын деп ұялып жүрміз. Ол кезде сауда жасау ұят болып саналатын. Ұнның жартысы желге кетті, жартысы бетке кетті. Ұнды сатып, қаражат қылдық. Шешей «Балам, Алматыға бар, кез келген ит оқу болса да түс» деп батасын беріп жіберді. Біздің елде актерлік кәсіпті онша құп көре бермейтін. Әкемнің інісі актерлік оқуға түскенімді естіп, «Тұқымы құрысын, басқа оқуға түс» деп шалқасынан түсті. Мені бұл мамандыққа Асқар Тоқпанов алып келді. Ағайды «Ауыл шаруашылығы инстиутының агрономия факультетіне түстім» деп алдадым. Шешеме «Ит оқу болса да түс деп өзің айттың ғой, бір ит оқуға түсіп келдім» дедім, ол «Оқи бер» деді. Шешемнің бірауыз сөзі маған дем берді. Ағай көпке дейін ренжіп жүрді. Кейін ҚазМУ-дың сыртқы бөліміне оқуға түсіп, ағама қағазымды көрсеттім. Киноға түсіп жүрмін, оны көрген сайын ағайым «Мынауыңды таста» дейді. Ол совхоз директоры болатын. Кеңестер Одағының халық артисі атағын алғанда телефон шалып, «Мынау әлгі Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлегенованың алған атағы ма?» деді. «Иә» дедім. «Онда соларды шақыр, бір жүз шақты адамға сый-құрмет көрсетейін» деді. Ағайым елдің алдында сөз сөйлеп «Болмады енді, сен осы жолмен кеттің» деп рұқсатын берді. Содан екі жыл өткенде қайтыс болды. Менің өнер саласын таңдағаныма соншама жыл қарсы болып келген боп тұр ғой. Міне, біз өнерге осылай келдік.
Аққудың махаббаты адамда жоқ
«Қыз Жібек» фильмін түсіру – тұтас бір кезең. Оған дейін бізге тарихи фильм түсіруге рұқсат бермеген. Мемлекет сол туралы фильм түсіру керек дейтін. Мәскеуге қараймыз. «Қыз Жібек» – бірінші рет түсірілген тарихи фильм. Мұның өзін Шыңғыс Айтматовтың күшімен қырғыздар түсірмек болған. Димекең (Қонаев) «Біздің фильмді неге қырғыздар түсіруі керек?» деп намысқа тырысып, тартып алғандай болды. Рөлдерге сынақ басталды. Қыз Жібектің рөліне 500 қыз түсуге ынта білдірді дейді, рас болар. Экранға түспесе де, сурет арқылы сынаққа түскендер көп болды. Бекежан рөліне Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков және мен таластық. Бәсекелестерім мықты. Сосын театрға келіп цехтан костюм мен дулығаны таңдап киіп сынақтан өтуге бардым. Жамбасыма келетін үзінді берілді. Ғабит Мүсірепов менің ойынымды көріп «Бекежан мынау ғой» депті.
«Қыз Жібек» фильмі екі жылдай түсірілді. Түсірілім барысында талай қызық оқиға болды. Төлеген мен Бекежанның жігіттері екіге бөлініп футбол ойнаймыз, жабылып күресеміз. Хайуанаттармен, әсіресе, аққулармен жұмыс істегендегі сәттер есте қалды. Аққудың махаббаты адамда жоқ. Бес жұп аққу болатын. Дауыл тұрып бір аққу керегеге соғылып өлді. Соның жұбы он күн бойы тамақ ішпей, сыңарының артынан өлді. Әрірек кетіп қалған аққуларды түсірілімге қайтара алмай біраз әурелендік. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындағанда бермен қарай таянып, бір-біріне шапақтап ерекше көрініс болды. Сүйіскенде бір-біріне мойындары оралып кетеді екен. Кадрға таянды. Бұл да тарих. Ипподромда көптеген жаттығу болды. Жігіттер кішкентайымыздан аттың үстінде өстік қой. Қыз Жібек – Меруерт өмірі атқа отырмаған. Екі-үш ай дайындықтан соң ат үстінде трюк жасайтын дәрежеге жетті. Тізгінді қоя беріп шабу трюк болып саналады.
«Қыз Жібекте» 30 дубльге дейін түсіретін кездер де болған. Қазір бір, әрі кетсе, екі дубль жасайды. Сол кездері түсірілген фильмдердің негативі Мәскеуде фабрикада сақтаулы. Күтімі жақсы. Сүртіп, тазалап отырады. Ауасы қалыпты ұсталады. Сол жерден қажет кезінде ақша төлеп, шығарып аламыз. «Өзімізге әкелейік» деген ұсыныс та болған, бірақ дәл сол жақтағыдай сақтай аламыз ба, мәселе – сонда. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырын» шығарып алдық. Пәлен жылдан кейін үлкен экраннан көргенде, жаның рахаттанады.
Олар өз ісінің шеберлері еді
Режиссер ретінде Сұлтан Қожықов, Шәкен Айманов – нағыз өз ісінің шеберлері. Сұлтан үлкен мектептен өткен. Шәкен – тума талант. Ол даланың академигі. Оған қонған. Ол кино емес, басқа салада жұмыс істесе де одан академик шығады. Сұлтанның оқуы, көргені көп. Өзі қызықтау, ерекше адам еді. «Қыз Жібек» фильмі түсіріліп жатқанда, Әнуар, Құман үшеумізді киіз үйде қасына алып алды. Жаспыз, қыздар көп, биге барғың, ойнап-күлгің келеді. Қожықов «Ұйықтайсыңдар. Ертең күрделі түсірілім» деп есікті жауып алып, бізді жібермейді. «Суға түскіміз келеді» деп қиқалақтай бастасақ, «Кейін түсесіңдер!» деп қысқа қайырады. Ерте жатқандықтан түн ортасында оянып кетсем, Сұлтан отыр, алдында шай, күлсалғыш толған, қолында темекі. Бір нүктеге қадалып қалған. Мен де «Қашанғы отырар екен?» деп тапжылмай жаттым. Бір сағаттай отырды. Ертеңгі түсірілімді ойлап отыр ғой сонда. Осындай адамға қалай бағынбайсың? «Қыз Жібек» фильмінде сценарий өз алдына ғой, сценарийсіз, жердің, автордың ыңғайына қарай түсірілген эпизод өте көп. Кез келген дүниеге шығармашылықпен қарайды.
Мен өлмей, Шадияров та өлмейді
«Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияров – өмірде болған адам. Қасымхан Шанышев деген татаршатыс шалақазақ. Бұл фильмді түсіру – Димекеңнің тапсырысы. «Известия» газетіне мақала шығып, Шәкен (Айманов) жолығып қалғанда, «Мынау киноға сұранып тұрған дүние екен» дейді. Шәкең түсіру тобын ұйымдастырып, іске кірісіп кетеді. Кино түсіріліп жатқанда, Шанышевтың алыс туыстары келді. Татар ұлтынан. Бұл фильм түсіріліп жатқан кезде ұйғырлар да «бұл біздікі» деп таласқан жағдайы болған. Олардың мұндай байламға келген себебі – Шанышевтың жанында жүрген оң қол, сол қолдары ұйғыр болған. Махмуд Қожамияров деген ұйғыр оң қолы болған. Дутовтың басын кесіп алып, қапқа салып әкелген сол болуы керек. Солай жасамаса кеңес үкіметі сенбейді. Негізгі операцияны басқарған – Шанышев. Ол байдың баласы болған. Байдың тұқымысың деп қудалаған соң ол осы операцияны мойнына алған. «Қиын операцияны жасап, сіздердің алдарыңызда өзімді-өзім ақтаймын» дейді. Операцияны өте сәтті ұйымдастырады. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін «Бұл бәрібір байдың баласы, дос бола алмайды, сенуге болмайды» деп ізіне түскен соң тау арқылы қырғыз еліне қарай қашқан. Содан қайда кеткені белгісіз. Бұл киноны ары қарай созуымызға, оның осы күнге дейін «тірі» жүруіне жақсы болды. Мен өлмей, Шадияров та өлмейді.
Кино деген – 50 де 50. Шындық пен өмірден өнер жасайды. «Атаманның ақыры» өмірден алынған. «Транссібір экспресі» ойдан шығарылған. Солай болған шығар, осылай болуы керек деген ойдан туған. «Сіз кімсіз, Ка мырза?» өзінің қырық жастағы кезін еске алады. Өзіміздің ҰҚК-дегілер оны түрмеден шығарып алады. Қайтып келе жатқандағы ойы. «Қайтып келгеннен кейін не істейді?» деген эпизодтарын біраз ойладым. Ақ үйден марапатталып шыққан жерінен фильм басталса деп армандаймын. Ары қарай не істейді? Өзі – 80-де. Бүкіл әлемде не болып жатқанын білетін адам. Білетіні көп. Соны пайдалану керек қой. Жақсы сценаристер болса, осы фильмді жалғастырып түсірсек деген арманым бар.
Шәкенге ескерткіш
Елдар Оразаев – Шәкен Аймановтың шәкірті, баласы іспетті болған.
Шәкең қайтыс болғаннан кейін оған бір жақсылық, еткерткіш жасағымыз келді. «Транссібір экспресі» осы мақсатпен түсірілген фильм.
Вагонда келе жатып қазақ қызының атпен шауып бара жатқанын көріп қалады. Сол кезде «Сіз кімсіз, аға?» деп сұрайтыны бар. Чекистерге мұндай сұраққа ашық жауап беруге болмайды. Елдардың қазақшасы онша емес болатын. «Осы сұраққа бірауыз өлеңмен жауап беретін болса, оны қайдан табуға болады?» деп сұрады. Ақындардың өлең кітаптарын біраз ақтарып көрдім. Сосын Райымбек досымның (Сейітметов) ылғи айтып жүретін:
– «Ей, тәкаппар дүние,
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы» деген бір шумақ өлеңі есіме түсе қалды. Қызға кім екенімді айтқан түрім ғой.
Төрт фильмді байланыстырып тұрған бір дүние бар, ол – Шәкеңнің дауысы. «Жиырма бес» әні. Шәкең бұл әнді халық артисі, жездесі Қали Байжановтан үйренген. Әпкесі қайтыс болғаннан кейін 90-дағы Қалиды Алматыға алдырып, бір жыл үйінде бірге тұрған. Айту мәнерін Қали Байжановтан үйренген.
Мәжит Бегалин «Мәншүк» фильмін түсіргенде «Жиырма бесті» кәсіби әнші Кәукен Кенжетаевқа айттырмақ болады. Бірақ фильмде қарапайым айту керек. Бегалин қайта-қайта айтқызып, болмай жатқан кезде қаңғалақтап Шәкен келіп қалады. Інісінен домбыраны алып «Жиырма бесті» айтып берген кезі Мәжиттің көңілінен шығады. Фильмде осы ән де Шәкеңнің дауысымен айтылады.
Форма бар, мазмұн жоқ
Өткенге, өзіңнен кейінге көңілің толмау – заңдылық. Қаллекейлердің де біздерге көңілі толмайтын. «Өй, қазіргі жастар» деп отыратын. Қазір де онша көңіл толмайтын жайттар бар. Мықты режиссура жоқтың қасы. Тұщынып көретін тарихи фильм жоқ. Қазіргі хандықтар туралы түсіріліп жатқан фильмдерге көңілім толмайды. Форма бар, мазмұн жоқ. Шауып келе жатқан мың ат, оның өзі компьютермен жасалады. Дегенмен «Келешекте болады ғой» деп үмітпен қараймыз. Жалпы, сериалдарды қабылдамаймын. Сериал – өнер емес. Оны түсіріп жатқандар өнердің не екенін білмейді. Өмірден өнер жасау керек. Ресейдің «Тракторист» деген комедиялық фильмі бар, күлесің, ой түйесің, соны өнерге айналдырған. Мысалы, чекист туралы фильмді алайық, ана жаққа барды, алып келді дей салсақ, ол қызық болмайды. Оған жан бітіру үшін түрлі жағдайды қосу керек. Соған бару жолдары, қиналыстары, төбелесі сияқты жағдайлар қосылады. Далада келе жатқанда музыка ойнап тұр, бақытты, әйелі алдынан жүгіріп шығады. Әйелі осы уақытқа дейін мұны сатқын деп ойлайды. Чекист бара жатқан жұмысын ешкімге айтуға болмайды. Чекистер арасында «Халық батырын білуге тиіс емес, ал чекист халқын білуге тиіс» деген тәмсіл бар. Оның қалтасында не қаламсап, не қағаз болмауы керек. Ол болса ұсталып қалады. Бәрін жадында сақтауы керек. Оның бетінде ерекше белгі болмауы, тап-таза адам болуы тиіс. Міне, бізге осы сияқты мазмұны терең фильмдер керек.
Талантты адамдар нәзік, қорғансыз келеді
Біздің бақытымызға театрға Әзірбайжан Мәмбетов келді. Дос, пікірлес болдық: режиссер мен актер жақсы тіл табыстық. Мен Әзірбайжанды көтердім, Әзірбайжан мені көтерді. Бұл қатарласымыздың бәріне тән. Солай болуы керек. Актерсіз режиссер ештеңе шығара алмайды. Режиссер, актер, драматург – осы үшеуі қабысса сахналық өнер туады. Осының біреуі кем болып жатса, бір нәрсе жетпей ақсап қалады. Әзірбайжан Әуезов театрын Кеңестер одағы бойынша үздік төрттіктің қатарына қосты. Айналасындағылар сондай адамның жанын түсінбеді, қуды, түртпектеді. Талантты адамдар нәзік, қорғансыз келеді. Ақыры өліп кетті... Ал ол – дарын, тума талант. Соны көре алмады. «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген афоризмім бар. Қиындыққа, шындыққа жол тар, бірақ бар. Бұл да менің күнделігімдегі сөз. Білмейтіндер артистердің өмірі оңай деп ойлайды. Олардың еңбегі сахнаның сыртында. Сахнаның сыртында барын салып жұмыс істейді, сахнаға шыққанда демалады. Өзін қожайын сезінеді. Ұлы актерлер, шынайы дарындар ұзақ жасайды әрі жақсы өмір сүреді. Сахналық кейіпкер, образ жасау адамның жасын ұлғайтады. Өйткені содан ләззат алады. Сахнада рахаттанады. Айнала толған гүл. Олар анау-мынау ұсақ-түйек ауруларға бой бермейді. Сондықтан да ұлы актерлердің көбі 90-100 жасаған. Ондай ұлылар тек театрда ғана емес, Әуезов бастаған әдебиетте, Сәтбаев бастаған ғылымда да болды. Олар бір-бірімен дос болды. Өткен ғасыр – қазақтың алтын ғасыры. Солардың бәрі бір-бірінен үйренді ме, әлде заман туғызды ма, таңқаларлық жағдай, осы сұрақтың жауабын таба алмай жүрмін...