«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» – Бауыржан Байбек ел алдында тұрған маңызды жұмыстарды еңсеруге партияның барлық әлеуетін жұмылдырады
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»  – Бауыржан Байбек ел алдында тұрған маңызды жұмыстарды еңсеруге партияның барлық әлеуетін жұмылдырады
©aikyn.kz
214
оқылды
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елімізде төтенше жағдай аяқталғанша партияның экономиканы қалпына келтіру, азаматтарды қалыпты өмірге қайта оралту бойынша маңызды жұмыстар атқаратынын айтты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды. "Құрметті достар! Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, елдің қазіргі әлеуметтік және экономикалық күн тәртібі мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуының негізгі бағыттарын белгіледі. Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығының бәрінен қымбат екені ескеріле отырып, төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. Президент осындай күрделі кезеңде ешкімнің назардан тыс қалмай, барша мұқтаж жандарға қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 4 миллионнан астам адам тікелей қаржылық көмек алып, 570 мыңдай адамға азық-түлік жиынтығы үлестірілген. Жалпы, азық-түлік себетімен 1,1 млн. адам қамтылып, 1,6 млн. адамның коммуналдық төлемдерінің мерзімі кейінге шегерілетін болады. Мемлекет басшысы осынау қысылтаяң шақта нұротандықтардың, белсенділер мен волонтерлардың атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалады. Жасотандықтар 90 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығын, антисептик құралдарын жеткізіп берді. Бұған қоса елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында 100 мың отбасы тегін маскалармен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге Елбасының бастамасымен құрылған Birgemiz қоры 330 мың мұқтаж отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек аударды. Бүгін-ертең тағы да 30 мыңнан астам отбасы қамтылатын болады", - деп жазды Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Birgemiz қорынан Ұлы Отан соғысының 40 мың қатысушысы мен мүгедегі, сондай-ақ тыл еңбеккерлері 50 мың теңгеден төлемақы алды. 800-ден астам ардагер мен 8 мың тыл еңбеккеріне азық-түлік себеттері мен жеке қорғаныс құралдары жеткізіліп берілді. Ардагерлерімізге қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да жалғаса береді. Биылғы 24 сәуірде елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында коронавирустан кейінгі кезеңде бизнеске, ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге күш сала отырып, экономиканы сауықтыру шараларын қолға алудың маңыздылығын атап көрсетті. Осыған орай 11 мамырға дейін экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу жоспарланып жатыр. Үкімет Мемлекеттік қолдау көрсетілетін компаниялардың тізімін жасауға кірісті. Президенттің тапсырмасы бойынша, бұған шын мәнінде маңызды және жүйе құраушы кәсіпорындар енуі тиіс. Nur Otan партиясы да осы жұмысқа атсалысуда. Біз, ең алдымен, шығаратын өнімінің құрамында қазақстандық үлесі жоғары және қызметкерлерінің саны көп өңдеуші сала кәсіпорындарына баса назар аударған жөн деп есептейміз. Бұл ретте кәсіпорындар үшін «қарапайым заттар экономикасы», импортқа тәуелділікті азайту аясында нақты нысаналы көрсеткіштер белгіленуі тиіс. Сондай-ақ, Президент өз мәлімдемесінде азық-түлік тауарларының жеткіліктілігі мен сапасына мониторинг жасаудың, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты Nur Otan партиясы өзінің өңірлік және аудандық филиалдарының жұмысын күшейтеді. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған қаражаттың көлемі 6 триллион теңгені құрады. Бұл қаражатты жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығы Nur Otan-ның тұрақты қоғамдық бақылауында болады. "Еліміздің алдында экономиканы қалпына келтіру, азаматтарды қалыпты өмірге қайта оралту бойынша маңызды жұмыстар тұр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз бірлесіп барша қиындықтарды еңсеретінімізге сенімдімін. Елдің жетекші саяси күші ретінде Nur Otan партиясы да өзінің бүкіл әлеуетін осыған жұмылдырады", - деп аяқтады сөзін Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.