Жамбылда жемқорлық бойынша жауапқа тартылған 9 басшы қызметін жалғастырып келген
Жамбылда жемқорлық бойынша жауапқа тартылған 9 басшы қызметін жалғастырып келген
© Сурет ғаламтордан
272
оқылды
Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша жауапқа тартылған мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың 9 лауазымды тұлғасы басшылық қызметтерін жалғастырып келген, - деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. Аталған тұлғалар тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана өз өкілеттігін доғаруға мәжбүр болған. Бұл туралы еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасының орындалуы бойынша мониторинг барысында анықталған. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында 2019 жылы және ағымдағы жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланды.
- 2019 жылы Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 33 лауазымды тұлға сотталса, олардың басым бөлігі білім саласына қатысты. Басқа салалардан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылар бар. Ең көп қылмыс Тараз қаласында, Шу, Байзақ, Жуалы және Меркі аудандарында болған, - деп атап өтті облыс әкімі жиынның алғы сөзінде.
Күн тәртібіндегі өзекті тақырып бойынша толық ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндады.
- Өткен жылдың қорытындысы бойынша департамент сотқа сыбайлас жемқорлық сипатындағы 70 іс жолдаса, 90 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылған.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгені құрап, 930 миллион теңге мемлекетке қайтарылды. Шағын және орта бизнес қызметіне араласумен, сондай - ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстардың саны артқан, - деп атап өтті А. Әшірбаев. Анықталғандай, мемлекеттік құрылымдар арасында жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа аса бейім. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық салаларында заңбұзушылыққа жиі жол берілуде. Сонымен қатар, жиында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы өткен жылы 29 қылмыстық іс қозғалғандығы да айтылды. Ағымдағы жылдың үш айында сотқа жолданған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істердің саны 27-ге жетсе, осы бөлік бойынша 28 тұлға қылмыстық жауапқа тартылған. Баяндамашы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді жоспарды іске асыруға байланысты бірқатар ұсынысын ортаға салды. Ол жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықпен тиімді кері байланыс орнату болып табылатындығына айрықша көңіл бөлді. Соңғы уақытта «Адалдық аланы» жобалық кеңсесінің жұмысында оң тәжірибе жинақталғандығын, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігі айтылды. Басқосуда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы мен перспективалық бағыттары туралы аталған жобаның жетекшісі Назима Жұбандықова баяндады. Жиынды қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін егжей-тегжейлі талдау және нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.