Атырауда «магнит адам» тұрады. Қария бұл ерекшелігін жас кезінен байқаған. Қазір сол мүмкіндігін ересектерге массаж жасауға пайдаланады, – деп хабарлайды Astana TV.
Телеарнаның хабарлауынша, Октябрь Жұмашевті көпшілік ересектерге массаж жасайтын маман ретінде жақсы таниды. Бірақ қазір карантинге байланысты кәсібі тоқтап тұр.
Атырау қаласының тұрғыны Октябрь Жұмашев: «Мән бермеймін ешқандай. Бір рет істеп көрдім, сосын өз-өзімді білдім. Қолмен емдеген кезде жұрт «қолың жанып тұрады» дейді. Массажға келген адамдар өздері сезеді, қолдан жылылық бар екенін. Біреуге мынадай ерекше қасиетім бар деп айта алмаймын. Айтуға да болмайтын шығар», – дейді.
Қария қасық, шанышқы, пышақ, темір тиындар, тіпті ұялы телефонды да үстіне жабыстырып алып, еркін қозғала алады. 70-тен асқан қарияның бұл ерекшелігін достары ғана біледі. Олар үнемі қызық көріп, жиі видеоға түсіретінін айтты. Бұл жолы да әлеуметтік желіге таратқан солар деп отыр.
Ал, жергілікті ғалымдардың пайымынша, мұндай қасиет кез келген адамда кездеседі. Тек оны басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтінін мойындайды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кандидаты Ардақ Аманқосова: «Кез келген адамның қан бөлшектері оң зарядталған бөлшектер болып табылады. Олар қан жүйесімен қозғала отырып, әр адамның айналасында электромагниттік өріс туғызады. Бәріміз оны басқаруға тырыспаймыз. Бізге ол сол күйінде қала береді. Кейбір жандар осы өрісті өздері басқара алады. Яғни магнит өрісін басқарып, оның күшін жоғарылататын болса, ол басқа айналасындағы қоршаған ортадағы металл заттарды, темірлерді тарту қабілетіне ие», – дейді.
Ғылым кандидатының айтуынша адам бар болғаны мидың 5 пайызын ғана қолданып жүр. Қалған 95 пайыз бөлігінде қандай мүмкіндік бар екені, адамзат үшін әлі күнге беймәлім дейді. Жаңалыққа жаны құмар Октябрь қарт егде жасына қарамастан ағылшын тілін үйреніп жүр. Оны меңгерген соң компьютердің қыр-сырын меңгеруге ден қойсам деген мақсаты бар.