Жауапты министрлік ауылдықтар интернетке қол жеткізгісі келсе, урбанизациялануы, яғни қалаға көшуі керегін айтты. Мұндай байламдар бұрыннан сын тудырып жүр: «сонда шағын ауылдар ақпараттық технология заманының игілігін көруге лайықсыз ба?», – дейді сарапшылар. Бірақ ведомство ұстанымын қатайтпаса, жұмсартпапты.
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңжолақты интернетке қосылу түйткілдері қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев биыл кеңжолақты интернетке қол жеткізген ауыл саны 5 163-ті құрайтынын мәлімдеді. Тиісті тендерді санаулы компания жеңіп алған. Интернетті таратумен «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ және «Кар-Тел» ЖШС айналысуда.
Министрге сенсек, әзірге 118 қала мен 4 235 ауыл 3G не 4G байланыс желілерін қолдану мүмкіндігіне ие. 2018 жылдан бері «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс технологиясы арқылы интернетпен қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2020 жылдың соңына дейін 1 250 ауылды интернетпен қамтуды көздейді. 20 сәуірдегі жағдай бойынша, 637 ауылға интернет жеткізілген, тағы 613 ауылда интернет қосу жұмысы жалғасуда. Жоба аяқталғанда Қазақстандағы 6 341 ауылдың 5 163-і интернетке шыға алуы тиіс.
– 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда 1 178 ауыл интернетпен қамтамасыз етілмеген күйде қалады. Бірақ айта кеткім келеді, оларда тұрып жатқан тұрғындардың жалпы саны 130 мыңнан аспайды. Біз қалған ауылдарды кеңжолақты интернетпен қамтуды тек урбанизациялау және аумақтарды өңірлік дамыту есебінен жүргізген орынды деп санаймыз, – деді А.Жұмағалиев.
Жиында «Цифрлы Қазақстан» мембағдарламасын іске асыру аясында жаһандық желіні пайдаланушылардың үлесі 88%-ға, ал цифрлы сауаттылық деңгейі 83%-ға жетеді деп мәлімделді.
– Төтенше жағдай кезінде елді интернетпен тұрақты түрде қамту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Қазіргі жағдайда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды. Ол сондай-ақ электронды сауда, онлайн-оқу, электронды мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да салаларында маңызды құрал болып отыр, – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірге, жоспарға кірген елді мекендерді интернетке қосу жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті барлық шараны қабылдауды тапсырды.
Ал әкімдіктерге антенналы бағаналар тұрғызу үшін операторларға жер бөлу және ол нысандарға электр сымын жеткізіп беру мәселелерін жедел шешу жүктелді. Өйткені 384 ірі ауылда ұялы байланыс операторларының ешқайсысы жұмыс істемейді екен. Сондықтан оларға байланыс бағанадағы антенна арқылы ұсынылмақ.