Халық аузында «Не шықса да Шымкент жақтан шығады» деген бір сөз бар. Міне, тағы бір жақсылық осы жақтан шығып жатыр. Түркістан облысында қайырымды түлектер жұмысын насихаттайтын «Алтын ұям» жобасы қолға алынды. Бұл – әр жылы мектеп бітірген түлектердің қайырымдылық шараларын қамтитын шаруа.
«Қайырымды түлектер» жобасының ережесі жасалыпты. Негізгі мақсаты –Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басымдықтарды негізге ала отырып, әрбір азаматтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру, қамқорлығын күшейту, ысырапшылдықтың алдын алып, қайырымдылыққа бағыттау.
«Алтын ұям» жобасы аясында түлектер мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл толуына арналған мерейтойларда сән-салтанат орнына білім алған мектебіне, туған ауылына көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен отбасыларға баспана, түрлі нысандар салып беруге өз үлесін қосады.
Осы жоба бойынша әр аудан, әр қаладағы барлық мектептің әр жылғы мектеп бітіруші түлектерінің жасаған қайырымдылық шараларының мәліметтері жинастырылады. Түлектер ауылға, мектепке қайырымдылық жасайды. Қолдарынан келгенше спорт алаңшаларын соғу, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шараларына қатысады. Жыл соңында дауыс беру нәтижесімен жеңіске жеткен түлектер облыс орталығына шақырылып, облыс әкімдігі тарапынан марапатталады. Ең соңында оларды Түркістан облысының әкімі арнайы қабылдайды.
Осының алдындағы бір мақаламызда мектеп бітіруші түлектер даңғаза дүрмектен гөрі қайырымдылық бір іс жасаса, соншалық сауап жинар еді-ау деген ойды айтқан болатынбыз. Құдайға шүкір, ел ішінде есті азаматтар бар екен. Түркістан облысы Төлеби ауданындағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектебін 1999 жылы бітірген түлектер Қасиетті Рамазан айында қайырымды іс жасап, көпбалалы анаға баспана әперді. Түлектер мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай жиналып, ортақ күш-жігермен ауызашар ұйымдастырған. Оған барлық мұғалімдері мен ата-аналарын шақырып, сол жерде көпбалалы анаға бір бөлмелі пәтердің кілті мен балаларына сыйлықтар табыстады. Күйеуі 2018 жылы марқұм болған көпбалалы ананың үлкен қызы 13-те, ал ең кішкентай ұлы – 11 айлық. Жалдамалы пәтерде бес қыз, бір ұлымен күнелтіп келген Айнұр Қалтұрсынова жанға жайлы пәтер сыйлаған түлектерге аналық алғысын жаудырды.
Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер осындай сауапты қадамға барды. Әдетте көпбалалы аналарды, жағдайы нашар отбасыларды қолдау туралы биік мінберлерден жалынды сөздер айтылады. Енді міне, сөзден іске көшу басталды. Түркістан облысының ізгі бастамасын Қазақстанның өзге өңірлеріндегі мектеп бітіруші түлектер жедел қолға алып, қолдау білдірсе, нұр үстіне нұр болар еді!
Алтын ұя – мектеп бізге білім берді, көзімізді ашты, оң мен солды танытты. Соның есесін қайтаратын шақта несіне аянамыз? Қолдайық осы бастаманы!