Соқпақбаевты ешкім алмастыра алмайды
Соқпақбаевты ешкім алмастыра алмайды
532
оқылды

«Бір елдің мәдениетін жою үшін алдымен оның кітапханасын құрту керек. Сонда халықтың мәдени өмірі өзінен-өзі сөніп қалады» депті академик Дмитрий Лихачев. «Құндылықтар жоғалған заманда кітап оқу мәдениеті де қалады» деген тәмсіл бар. Кім білсін?! Соңғы жылдары зерттеушілер бұл сөздің растығына көз жеткізіп келеді. Сонымен, кітап неге құндылық болудан қалды? Шын мәнінде, оқырман кітапханадан, кітап оқырманынан айырылып қалды ма? Сейсенбінің бүгінгі сауалы осындай!


Ең оқылымды кітап қандай?


Республикамызда қазір 12 мың­дай кітапхана бар. Оның 4 143 кі­тапханасы көпшілікке ар­налған. Деректерге сүйенсек, көпшілік кітапханаларға 4 мил­лионнан астам оқырман тіркелген екен. Елімізде 18 млн-нан астам халық бар десек, сонда әрбір төртінші қазақстандық көпшілік кітапханаға келеді деген сөз. Әрине, қазір қоғам басқа, құнды­лықтар да өзгерген. Дегенмен сол әрбір төртінші қазақстандықтың талғамы қандай? Қандай кітап өтімді? Кітапханашылар қазір талғам өзгергенін айтады. Бұ­рын­ғыдай жастар қазақ әдебиетін емес, әлемдік бестселлерді, мис­тиканы көбірек іздейтін көрінеді. Оның ішінде Джоан Роулингтің «Гарри Поттеріне» сұраныс көп. Сана өзгерген, көзқарас та басқа. Өткен ғасырдың 60-70-жылдары әдебиетке сұраныс мүлдем бөлек болды. Қазақ оқырманы жаңа шыққан кітаптарды іздеп жүріп оқыды. Бала біткен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» оқып өсті. Одан бөлек жастардың дені Әзілхан Нұрша­йықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын жата-жастана оқығаны белгілі. Неге екі кітапты ерекшелеп алып отыр­мыз? Өйткені бұл екі кітап та әлі күнге оқырманның сұранысына ие болып келеді. 1970 жылы жарық көрген «Махаббат, қызық мол жылдар» романы неге өтімді? Елу жылға жуық өтсе де құнды­лығын жоғалтпай келе жатыр. Неге?

– Бұл кітап 1970 жылы жарық көрді. Сол кездің өзінде қолдан қолға кетіп, іздеп жүріп оқыдық. Тәуелсіздік алған алғашқы жыл­дары кітапханалар жабылып, әркім өз «тірлігін» күйттеп кеткен қиын кезеңдерде кітап оқылым­сыз қалғаны рас. Кітапхана сала­сында жұмыс істегеніме жиырма жылдай болды. Кейінгі жылдары кітапқа сұраныс қайта көбейді. Жастардың арасында кітап оқи­тындар саны артты. Көпшілігі дерлік әлі күнге «Махаббат, қы­зық мол жылдарды» сұрайды. Жақсы кітап қай кезде де сұра­нысқа ие болады. «Махаббат, қы­зық мол жылдар» кітабын көбіне жоғары сыныптың бала­лары оқиды. Негізі махаббат тақырыбы ешқашан ескірмейді. Адамның бойында адамгершілік болса, онда сезім де, махаббат та болады емес пе?! Оның үстіне, бұл шығарма жастардың жанына жақын. Бұл – уақыт өтсе де ұмы­тылмайтын шығарманың бірі. Оны қайта-қайта оқудан да шаршамайсың. Әр оқыған сайын шығарманы басқа қырынан көресің, – дейді Нұр-Сұлтандағы №3 балалар кітапханасының бас­шысы Марал Ақтаева.

Оның айтуынша, кітапханаға бала көп келеді. Оған қоса, жас­тарды тарту мақсатында әрқашан көрме өткізіп, қазақ жазушылары Марат Қабанбай, Мұзафар Әлім­баев, Әзілхан Нұршайықов, Бер­дібек Соқпақбаевтың шығар­ма­лары насихатталуда. Тіпті Берді­бек Соқпақбаевтың шығарма­шылығы жайында «Қазақстан» арнасынан арнайы сюжет жа­салған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы ­Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы кітапханасында қолдан қолға тимей оқылатын кітаптың үш данасы бар екен. Мұнда ол шығарма жиі оқылады. «Әзілхан Нұршайықовтың «Ма­хаббат, қызық мол жылдары», Қабдеш Жұмаділовтің «Дара­бозы» сөреден табылмайтын кі­таптар қатарында. «Махаббат, қызық мол жылдар» 2014 жылы «Фолиант» баспасынан шық­қан­да аз таралым алдық, қалғаны ескі. Сонымен қатар Б.Соқпақ­баевтың «Менің атым Қожасы» балалар арасында жақсы оқылса, «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасы үлкендер арасында үлкен сұраныста» дейді Шығыс Қазақстан облыстық Абай атын­дағы Әмбебап кітапхана басшы­сының орынбасары Гүлмира Мұратқызы.

 

Оқырманның талғамы өзгерді ме?


Тәуелсіз мемлекеттер достас­тығы «2019 жыл – кітап жылы» деп белгіледі. КСРО кезінде ТМД құрамына кірген елдер кітапты ең көп оқитын ел болып танылған. Әрине, қазір зерттеушілер елі­мізде жастардың кітап аз оқиты­нын, жылдан жылға кітапқа деген қызығушылығы азайғанын ай­тып, дабыл қағуда. Оның үстіне, жас­тар үлкендерге қарағанда ақпа­ратты басқаша қабылдайды. Оқы­са да олар мәтіндік ақпаратты емес, аудиовизуалды мәтінді қа­былдайды. Расымен, заманауи әлемнің жетістігі сол, қалаған кітаптың аудиожазбасын тыңдай салуға болады. Соған қарамастан, қағаз кітаптар «оқылмайды» деп, одан бас тартуға да болмайды. Себебі, кітапқа қызығушылық арттыру мақсатында елімізде көптеген түрлі шара өткізіліп, мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Осындай қызу пі­кірталас барысында қазір әлемнің көп елінде кітап оқу сәнге ай­налған. Әсіресе, балалар әдебиеті жақсы оқылуда. Бірақ мұндай шығарманың аздығы көңілге кірбің түсіреді.

– Қазақ жазушыларының 9-14 жас аралығындағы балаларға арналған шығармалары өте аз. Сол аздың бірі әрі бірегейі – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып кел­мейді» шығармалары. Оның ішін­де ең көп сұралатыны – «Ме­нің атым Қожа». Қазір ол клас­сикалық дүниеге айналып кетті. Бір жағынан сол жайында фильм­нің бар болғаны да балаларға әсер ететін болуы керек. Дегенмен одан бері заман өзгерді, балалар­дың сана-сезімі де өзгерді. Бірақ бұл шығарма әлі сөреден түскен жоқ. Әлі де болса сұранысқа ие, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр, – дейді Алматы қаласы­ның Жамбыл атындағы жасөс­пірімдер кітапханасының кітап­ханашысы Ғазиза Құдайберген.

Оның айтуынша, өте көп та­ралған, көп оқылған шығарма­ның бірі – «Махаббат, қызық мол жыл­дар» кітабы. Ол қарапайым жұрт­шылыққа кеңінен таралған. «Кі­тап оқыған адамнан «Кімді оқы­дыңыз?» деп сұрасаңыз, бі­рінші «Абай жолын» айтса, екінші осы шығарманы тілге тиек етеді. Ха­лыққа өте жақын болғандық­тан, әлі де бірнеше буын оқитын шы­ғармаға айналады», – дейді маман.

Расымен, Қазақстанда әдеби шығармаларды шығаруға бағыт­талған баспа үйі жоқ. Шығарылып жатқан кітаптың 90 пайызы – мектептің оқу құралдары мен оқу әдебиеті. Отандық жазушылардың кітаптары шықса да, аз тара­лыммен шығатыны бесенеден белгілі. Оның өзі кітап дүкен­дерінің сөресінен табыла да қой­майды. Дегенмен жақсы шығар­маның оқырманы қашанда бо­лады. Бұл ойды Н.Гоголь атын­да­ғы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да нақты­лады. Кітапханашы Алмагүл Ахмадиеваның мәлімдеуінше, Әзілхан Нұршайықовтың таң­дамалары ішінде «Махаббат, қызық мол жылдар», «Махаббат жырлары», «Ботагөз» ескі дәп­тер­лері бар екен. Қолдан қолға өтіп, әбден тозығы жеткен соң қай­тадан түптеткен.

– «Махаббат, қызық мол жыл­дар» – әлі күнге дейін құнын жой­маған шығарма. Әлі де жастар арасында жақсы оқылады. Олар­дың ата-аналары да бұл кітапты қызыға оқығаны байқалады. Себебі, «әке-шешем айтты» деп келіп жататын жастар да бар. Арасында біріне бірі айтып, бі­рінен бірі алып оқитыны тағы бар. Шыны керек, «Махаббат, қызық мол жылдар» біздің сөреде тұрмайды. Кітапханада үш данасы бар, оның өзі қолдан қолға ти­мейді. Сонымен қатар Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяха­ты» көп оқылады, – дейді Алмагүл Ахмадиева.

Айтуынша, оның үйінде «Ма­хаббат, қызық мол жылдар» кіта­бы автордың қолтаңбасымен бар. «Өзім Қарқаралы ауданы Нұр­ма­қов совхозындағы мектепте іс­тегенмін. Негізгі мамандығым – әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол кездерде Әзілхан Нұршайықовпен мектепте конференция өткізіп, хат алыстық. Сонда жазушының көзі тірісінде ауылдың оқушы­ла­ры мен ата-аналарына 15 кі­та­бын қолтаңбасымен алғанбыз», – дейді ол.

«Еліңнің жастарын көрсет, еліңнің болашағын айтамын» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, жастарға артар үміті мол. Бүгінгі күні жастардың да, үлкендердің де демалуға уақыты болмай жа­тады. Бұрын «кітап оқығандар теледидар көріп отырғандарды басқарады» дейтін. Қазір оның орнына басқа сұрақ туындады. Кітап оқымайтын, теледидар көрмейтін адамдарға не айтуға болады? Қорқыныштысы – осы.


Ел боламын десең, «оқырманыңды» түзе...


ХХІ ғасырдың кітапханасы дәстүрлі әдебиетпен бірге элек­тронды форматпен де толықты­рылуы тиіс. Бұл – заман талабы. «Желіге байланған жұлын» бүгінгі оқырманды онлайн кітап оқуға мәжбүрледі. Одан еш бас тарта ал­маймыз. Сол үшін де элек­трон­ды басылымның қатарын арттыру қажет. Осыған орай, онлайн кітап­ханалар желісі пайда болды. Электронды кітапханаға деген сұраныс әртүрлі. Екітүрлі көзқа­рас қалыптасқан: дәстүрлі әде­биетті қалайтындар да, онлайн кітапты қолдайтындар да бар. «Біз бала кезімізден кітапты басымызға жастанып оқып өскен ұрпақпыз ғой. Сондықтан біз үшін әрқашан дәстүрлі басы­лымдар қымбат. Жалпы, бізде қазір оқимын деген адамға кітап жетерлік. Өкініштісі, адамдарды оқыту проблема болып тұр. Ең қауіптісі – осы. Оқырманды қинап, кітап оқыта алмайсың. Жастар өз еркімен кітап оқуы тиіс. Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дары адамдар макулатура өткізіп, оның ақшасына кітап сатып алып оқитын. Қазір қандай кітап қа­ласаң, іздегенің табы­лады», – дейді Ғазиза Құдайберген.

 Меніңше, оқырман азай­ған жоқ. Заман басқа, бәріміз де басқаша оқитын, мазмұнды басқаша тұтынатын болдық. Қа­зіргі өмірдің сан қырлы қызы­ғы, оқу-көру-тыңдау қажет кон­тенттің тасқыны бұрынғыдай жата-жастана кітап оқуға мүм­кіндік бермейді. Кез келген маз­мұн­мен тез танысып, оны шұғыл қорытып, келесісіне өтуге мәж­бүрміз. Рас, бұл оқу емес, шолу. Бірақ амал жоқ, бейімделу­ге тура келеді. Осы тұрғыдан кел­генде, электронды кітапхана қа­з­ақ­ша мазмұнды оқырманға жақындатуға кеңірек жол ашады.

Рауан Кенже­ханұлы 

 Елімізде онлайн кітапхана оқырманды молайта ала ма деген сауалымызға «Ұлттық аударма» бюросы қоғамдық қорының атқа­рушы директоры Рауан Кенже­ханұлы: «Меніңше, оқырман азай­ған жоқ. Заман басқа, бәріміз де басқаша оқитын, мазмұнды басқаша тұтынатын болдық. Бұ­ған ескі көзқарастың өлшемімен қарауға болмайды. Аға буын өз уақытымен, сол кездегі жағдай­мен салыстырады. Ол заманда кітаптағы қиял айналадағы сұр­қай өмірден тартымдырақ, кітап өмірден қызығырақ болатын. Қа­зіргі өмірдің сан қырлы қызы­ғы, оқу-көру-тыңдау қажет кон­тенттің тасқыны бұрынғыдай жата-жастана кітап оқуға мүм­кіндік бермейді. Кез келген маз­мұн­мен тез танысып, оны шұғыл қорытып, келесісіне өтуге мәж­бүрміз. Алдымыздағы экранда ком­пьютер болсын, смартфон бол­сын, кемінде 5-6 парақша қа­тар ашық тұрады. Бірінде – жазып отырған, келесісінде – оқып отырған текст, енді біреуінде – ви­део, тағы біреуінде – аудио­кітап. Бұл әлеуметтік желілерді, жаңалықтар мен мессенджерлерді қоспағанда. Рас, бұл оқу емес, шолу. Бірақ амал жоқ, бейімделу­ге тура келеді. Осы тұрғыдан кел­генде, электронды кітапхана қа­з­ақ­ша мазмұнды оқырманға жақындатуға кеңірек жол ашады. Алайда қайталап айтайын, текс­тің фотокөшірмесін интернетке шығара салу – жеткіліксіз. Ол қа­зіргі талапқа сай өңделіп, қолда­нысқа ыңғайлы форматқа түскені абзал. Бұл оңай шаруа емес, білім мен тәжірибені, ыж­дағаттылықты, уақыт пен қара­жат­ты талап етеді», – деген еді.


«Балаға лайық шығарма жоқ»


Оқырманның да, мамандар­дың да ойы осыған саяды. Бала­лар шығармашылығы дегенде Бер­­дібек Соқпақбаев, Марат Қа­­­бан­­бай, Молдахмет Қаназ, Тұ­ман­­бай Молдағалиев, Қадыр Мыр­за Әлі, Мұзафар Әлімбаев, Сұлтан Қа­лиұлы, Ескен Елубаев және тағы басқа ақын-жазушылардың шығармалары еске түсері анық. Дегенмен бала біткен әлі күнге «Менің атым Қожаны», «Балалық шаққа саяхатты», «Жиһангез Тити» мен «Чико – Дабыл бала­сын» іздейтіні анық. «Менің атым Қожаның» оқырманы өте көп. Өйткені бүгінгі балалар әдебиеті тоқырауда тұр. Іздеп, көріп, қызығып оқитын оқулық жоқтың қасы болғасын бала да көпшілікке жақсы таныс шығарманы іздеуге мәжбүр болады. Әрине, «Менің атым Қожаның» орны бөлек. Оны еш шығарма алмастыра алмайды. Дегенмен жаңа ғасыр жаңа әде­биетті тудыра алмайтыны да – шындық», – дейді Алматы қала­сының Жамбыл атындағы жасөс­пірімдер кітапханасының кітап­ханашысы Ғазиза Құдайберген.

Ал Жамбыл облыстық Шоқан Уалиханов атындағы Әмбебап ғылыми кітапханасында да Бер­дібек Соқпақбаевтың шығар­маларына сұраныс үлкен екенін айтады кітапхана қызметкері Анар Баймағанбетова. Оның ай­туынша, кітапханада 1-2 данадан ғана бар шығарманы көп оқи­тыны соншалық, кітаптар тозып кеткен екен. «Кітапты қайта-қай­та түптеп қойып отырмыз. Енді жаңасына тапсырыс бермекшіміз. «Махаббат, қызық мол жылдарды» жастар ғана емес, орта буынның өкілі де көп оқиды. Оның үсті­не, соңғы кезде жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық артуда. Одан басқа Мұхтар Әуе­зовтің «Абай жолы», Шерхан Мұр­таза мен Бексұлтан Нұрже­кеев­тің шығармалары жақсы оқы­лады. Сонымен бірге, оқыр­ман­дарды көркем әдебиетті оқуға шақыру мақсатында түрлі шара­лар өткізілуде», – дейді.

 

Кітап құндылық болудан қалды


Сонымен, жақсы әдебиет на­сихатталмай жүр. Жыл сайын түр­лі байқауларда жеңімпаз ата­нып жүрген шығармалар да оқыр­манға жете қоймаған, не қабыл­дауға ауыр. Әйтпесе, балаларға арналған «Дарабоз» байқауында, «Ауыл» партиясы ұйымдастырып жүрген әдеби шығармашылық байқауларында жеңімпаз шығар­малар неге оқырманға жете қой­мады? Оның басты себебі, тара­лымы аз. Жақсы шығарма наси­хатталмаса, оқырманға жете қоймайды. Екіншіден, кітапхана жетіспейді. Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде көпшілік кітап­ха­налар саны 10 мыңнан асып жы­ғылған екен. 1994-95 жылдары оның біразы жабылып қалды. Сөйтіп, жалпы саны екі мыңға жуық қана кітапхана қалған екен. Кейбір елдімекендерде кітапхана мүлдем жоқ. Бертінге дейін кей аймақтарда кітапханалар еріксіз жабылып келді. Себеп, ауылда тұ­ратын тұрғындар азайған. Мұн­дай жағдай солтүстік өңірлерде өте көп. Ауылда оқырман болма­ғасын қаңқасы қалған кітапхана кімге қажет деп ойлайтын болуы керек. Кітап қоры азайған. Шал­ғайдағы елдімекенге кітап жете бермейтіні тағы бар. Оқырман кітапсыз, кітапхана оқырмансыз қалған жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – бір жағы. Екіншіден, кітап оқу идеологияға айналуы тиіс. Жекелеген нарық заманында идеология – ақша. Ал ондай ке­зеңде кітап құндылыққа айналуы мүмкін емес.

Үшіншіден, кітап нарыққа айналуы үшін насихатталуы шарт. Егер Джоан Роулингтің шығарма­сы киноға айналмағанда, кітабы оқылмай қалуы мүмкін еді. Қазір оның шығармалары ең өтімді тауарға айналған. Одан бөлек, Халед Хоссейни шығармаларын да дәл осылай мысалға келтіруге болады. Қазір оқырман арасында Нобель сыйлығын алған шығар­маларға сұраныс көбейген. Орхан Памукты жаппай оқып кеткені де сондықтан. «Сезім музейі», «Ме­нің атым – Қырмызы» шығар­малары әлемнің талай тіліне ауда­рылды. Әлем әдебиетінде қан­дай шығарманың насихаты көп, сол шығарма өтімді. Керісін­ше, қазақ әдебиеті мұндай «на­сихатқа» жете алмай отыр. Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­тің «Қан мен тері» – классика. Классик шығармаларды қызығып оқып отырған жан бар ма? Ен­деше, кітап оқытудың, кітапты оқудың сиқыры қандай? Соны ойланып көрейікші бір сәт.

P.S. Жастарды қызықтыратын – мистика, фантастика, детектив. «Жастар неге фантастикаға құмар?» десеңіз, танысы, досы, туысы осы кітапты оқыған. Талғам осылай қалыптасып келеді. Егер «Менің атым Қожа» фильмі болмаса, балалар Соқпақбаевтан да айналып өтуі мүмкін еді. Бүгінгі сұраныс – фильмде. Қандай үздік шығарма фильмге айналады, сол кітаптың да оқырманы көбейеді. Ол көпшілік кітапханаға, дәстүрлі кітапқа, онлайн жүйеге байланысты емес. Яғни, «жарнамасы» мықты шығарманың дәурені жүріп тұр деген сөз. «Тауарыңызды» өткізгіңіз келсе, саудаласып көріңіз, оқырман!

 

Гүлзина БЕКТАС,

Анар ҚОНЫС