Мешіт жабылса да, сауап есіктері ашық
Мешіт жабылса да, сауап есіктері ашық
598
оқылды
Коронавирус індетінің та­ралуына байланысты бүгінде бірқатар елдегі мешіттерде жұ­ма және бес уақыт намаз оқу уақытша тоқтатылды. Біздің ел­де де қазір жұма намазы оқыл­ май жатыр. Бұған толық шариғи негіз бар. Өйткені ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсау­лығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндетте­мейді. Рамазан айында мешітте көпшілік­пен оқылатын тарауық намазы да осыған ұқсас. Кейбіреулердің намаздарды онлайн-трансляция арқылы өткізуді сұрағандары да жасырын емес. Біз оның шариғатқа тура келмейтінін дәлелдеп айттық. Өйт­кені көпшілік болып өткізілетін намаздар­ды онлайн арқылы жүргізу шариғат үкімін өзгерту болып саналады. Сонымен қатар адамдар бір жерде құлшылық етсе ғана олар жамағат болып саналады. Ал жамағат болмаған және жамиғ-мешітте оқылмаған жұма намазы шариғат бойынша дұрыс болып есептелмейді. Дегенмен мешіт жабылса да, діни уағыз тоқтамайды, қайырымдылық істері жалғасады. ҚМДБ-ға қарасты «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздары­мыздың қатысуымен «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүр­гізіледі. Бұл жоба үйден шықпай, маңызды әрі ғибратты тақырыптар төңірегінде бі­лікті дін қызметкерлері мен ғалым­дардың насихатын тыңдауға мүмкіндік жасайды. Бұдан бөлек, бас мүфти әр жұма сайын «Хикмет» студиясының Youtube-тағы тікелей эфирінен жұма насихатын, белгілі ұстаздар әр күн сайын кемі екі реттен тікелей эфирге шығып, түрлі тақырыптарда сабақ өткізеді. 24 сәуірден бастап Qazaqstan ұлттық арнасынан «Ораза қабыл болсын!» арнайы хабары эфирге шыға бастады. Қазақтан Мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілдері мен дін саласының өзге де мамандары бір ай бойы, күн сайын 21:00-де тікелей эфирге қатысып, ораза айын өткізу тәртібіне қатысты қазақстан­дық­тардың сауалына жауап береді.    width= ҚМДБ-ның muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша па­рақ­шасы ашылған. Бұл – Рамазанға қа­тысты барлық мәліметті алу үшін жасалған жоба. Өйткені карантин кезіндегі оразаға қатысты халық тарапынан сұрақ қоюшы­лар көп. Бұл бастама осындай сауалдарға жауап беру үшін ашылған. ҚМДБ-ға қарасты call-center арқылы білікті ма­мандар тәулік бойы қазақ және орыс тілін­дегі сұрақтарға жауап береді. Карантин мерзімі кезінде жұмысы тоқтап қалғандар бар, шағын кәсібі уа­қытша жабылған азаматтар бар, көмекке мұқтаж жандар да жетерлік. Діни басқарма жұмысының бір бағыты – осы қайырым­дылық. Республика деңгейінде басталған #Bizbirgemiz акциясына қатысып, талай мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізілді. Мұсылман қауым пітір садақаларын Kaspi.kz, Homebank және ForteBank мобильді қосымшалары арқылы еліміздің кез келген мешіт шотына аудара алады. Банк салымшыдан үстемеақы ұстамайды. Осы түрде садақа беру шариғатқа қайшы емес, қайта садақа беру жолын жеңілдетеді. Мешітке түскен қаражат мүфтият бекіткен арнайы Жарғы негізінде жұмсалады. Қаражат қайырымдылыққа жұмсалады. Рамазан айындағы пітір садақасы мешіт тізіміне тіркелген көмекке мұқтаж отбасы­ларға, жетімдерге, жалғызбасты аналарға арнайы тексеру комиссиясының шешімі­мен заттай немесе қаржылай беріледі. Күнде қарилар мешітте марқұмдарға арнап Құран бағыштайды, берген сада­қаның қабыл болуын тілейді, елдің аман­дығын, халқымыздың береке-бірлігін сұрап, Жаратқан иемізге дұға етеді. Еліміздегі төтенше жағдайға байла­нысты Рамазан айында ауызашар беру мен өткізудің арнайы тәртібі белгіленді. Яғни, қоғамдық орындарда, дәмханаларда, ме­шіттерде т.б. мекемелерде ауызашар беру уақытша тоқтатылады. Мұндағы бас­ты мақсат – індеттің таралуының ал­дын алу, өзінің және өзгенің денсаулығына залал тигізбеу. Сондықтан карантин мерзі­мінде әркім өз шаңырағында отбасы мү­ше­лерімен ауызашар өткізуге кеңес беріледі. Ауызашар берудің түрін тек дастарқан жаюмен ғана шектеуге болмайды. Қазіргі жағдайда ауызы берік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату немесе қаржылай беру арқылы да ауыз аштыруға болады. Дегенмен ауызашарды әркім жағдайы­на қарай жасайды. Хадисте: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт бер­ген адамға да бұл сауап жазылады», – делінген.  

Хасан АМАНҚҰЛ, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары