Бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау – еліміздің мемлекеттік маңызы бар және ұзақмерзімді саясатының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкерлікті қолдау үшін тетіктер мен мемлекеттік қызметтерді одан ары жетілдіруге бағытталған бірқатар реформаларға бастама жасады. Бұл орайда Nur Otan партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Елбасының Бес институционалды реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуына мониторинг жүргізіп, бақылауды нақты сақтауды қолға алды.
Индустрияландыру және экономикалық өсу бағыты бойынша Ұлт жоспарында белгіленген реформалар бизнестің мүдделерін тікелей қозғайды және осы жүйелі реформалардың сәтті іске асырылуын қадағалайды. Nur Otan партиясының Орталық аппаратында партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың жетекшілігімен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Басқосуда күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ашық жұмыс кеңесі өткізілді. Жиын барысында Қаржы вице-министрі Руслан Енсебаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров, Сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев, «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының Кеден басқармасының директоры Дина Мамашева баяндама жасап, бизнес-қоғамдастыққа қатысты негізгі мәселелерге тоқталды. Бейнеконференция режимінде өткен жиынға осы жұмысқа жетекшілік ететін облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің өкілдері, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті департаменттерінің басшылары қатысты.Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде екі өзара байланысты мәселенің орындалу барысы қаралды. Бұл – Ұлт жоспарының 38 және 39-қадамы.
38-қадам экспорттаушылар мен импорттаушылардың кедендік рәсімдерден өту кезінде «Бірыңғай терезе» қағидатын енгізуді көздейді. Яғни, электронды декларациялау жүйесін дамыту. Тауарларды кедендік тазартудың автоматтандырылған жүйесін енгізу. Экспорт пен импорт үшін құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқарту.
Ал 39-қадам – кедендік және салық жүйелерін ықпалдастыру. Импортер Қазақстан аумағына тауарлар әкелінген сәттен бастап оны сатқанға дейін салық салу мақсатында қадағаланатын болады.
– Бүгінде бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді жетілдіру өте өзекті мәселе болып отыр. Оның үстіне, жаңа сандық технологияларды қолдана отырып, кедендік және салықтық әкімшілендіру процестері бизнестің де, тұтастай алғанда біздің экономикамыздың да бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды, – деді Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев жиын барысында.
Ол сондай-ақ Ұлт жоспарының осы қадамдарын іске асыру үшін Қаржы министрлігі Сауда және даму жөніндегі БҰҰ Конфедерациясының қолдауымен тауарларды электронды декларациялаудың жаңа жүйесі – АСТАНА-1 енгізгенін атап өтті. Спикер сонымен қатар, тауарлардың өткізілуін бақылауды автоматтандыру мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде кедендік және салықтық ақпараттық жүйелердің бірігуін көздейтін «Виртуалды қойма» модулі іске қосылғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, бұл функционал виртуалды белгілер тауар қозғалысының барлық бизнес процесін автоматты режимде қадағалауға мүмкіндік береді. Бастапқы кезеңде «Виртуалды қойма» автокөлік құралдарын сататын салық төлеушілерге қатысты қолданылады. Келешекте виртуалды белгілерді тауарлардың басқа санаттарына кезең-кезеңмен тарату жоспарлануда. Салалық ақпараттық жүйелер мен деректер базасын өзектендіру мәселелері және оларды одан әрі ықпалдастыру қазіргі уақытта қоғам үшін қажетті. Бірыңғай кешенді ақпараттық жүйені жетілдіру және пайдалану барлық кезеңдерде тұрақты бақылауды және барлық салалық уәкілетті органдардың жедел қатысуын талап етеді.