Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалмақ
Кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалмақ
249
оқылды

Бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау – еліміздің мемлекеттік маңызы бар және ұзақмерзімді саясатының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкерлікті қолдау үшін тетіктер мен мемлекеттік қызметтерді одан ары жетілдіруге бағытталған бірқатар реформаларға бастама жасады. Бұл орайда Nur Otan партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Елбасының Бес институционалды реформасын іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалуына мониторинг жүргізіп, бақылауды нақты сақтауды қолға алды.

Индустрияландыру және экономикалық өсу бағыты бойынша Ұлт жоспарында белгіленген ре­формалар бизнестің мүдделерін тікелей қоз­ғайды және осы жүйелі реформалардың сәтті іске асырылуын қадағалайды. Nur Otan партиясының Орталық аппаратында партиялық куратор, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың жетекшілігімен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысы өтті. Басқосуда күн тәртібіндегі мә­се­лелер бойынша ашық жұмыс кеңесі өткізілді. Жиын барысында Қаржы вице-министрі Рус­лан Енсебаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Қа­малжан Надыров, Сыртқы істер вице-ми­нистрі Ермек Көшербаев, «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының Кеден басқармасының директоры Дина Мамашева баяндама жасап, бизнес-қоғамдастыққа қатысты негізгі мәселе­лер­ге тоқталды. Бейнеконференция режимінде өткен жиынға осы жұмысқа же­текшілік ететін облыстар мен Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалалары әкім­дік­терінің өкіл­дері, ҚМ Мемлекеттік кірістер ко­митеті де­пар­таменттерінің басшылары қатысты.

Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республи­ка­лық қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде екі өзара байланысты мәселенің орындалу барысы қаралды. Бұл – Ұлт жоспарының 38 және 39-қадамы.

38-қадам экспорттаушылар мен импорттау­шы­лардың кедендік рәсімдерден өту кезінде «Бі­рыңғай терезе» қағидатын енгізуді көздейді. Яғ­ни, электронды декларациялау жүйесін да­мыту. Тауарларды кедендік тазартудың автомат­тан­дырылған жүйесін енгізу. Экспорт пен импорт үшін құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқарту.

Ал 39-қадам – кедендік және салық жүйелерін ық­палдастыру. Импортер Қазақстан аумағына тауар­лар әкелінген сәттен бастап оны сатқанға дейін салық салу мақсатында қадағаланатын бо­лады.

– Бүгінде бизнес үшін мемлекеттік қызмет­терді жетілдіру өте өзекті мәселе болып отыр. Оның үстіне, жаңа сандық технологияларды қол­дана отырып, кедендік және салықтық әкім­шілендіру процестері бизнестің де, тұтастай алған­да біздің экономикамыздың да бәсекеге қа­бі­леттілігі үшін маңызды, – деді Мәжіліс де­путаты Мейрам Пішембаев жиын барысында.

Ол сондай-ақ Ұлт жоспарының осы қадам­дарын іске асыру үшін Қаржы министрлігі Сауда және даму жөніндегі БҰҰ Конфедерациясының қолдауымен тауарларды электронды декларация­лаудың жаңа жүйесі – АСТАНА-1 енгізгенін атап өтті. Спикер сонымен қатар, тауарлардың өткі­зілуін бақылауды автоматтандыру мақсатында «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйе­сінде кедендік және салықтық ақпараттық жүйе­лердің бірігуін көздейтін «Виртуалды қой­ма» модулі іске қосылғанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, бұл функционал виртуалды бел­гілер тауар қозғалысының барлық бизнес про­цесін автоматты режимде қадағалауға мүм­кіндік береді. Бастапқы кезеңде «Виртуалды қой­ма» автокөлік құралдарын сататын салық тө­леушілерге қатысты қолданылады. Келешекте вир­туалды белгілерді тауарлардың басқа са­наттарына кезең-кезеңмен тарату жоспарлануда. Са­лалық ақпараттық жүйелер мен деректер база­сын өзектендіру мәселелері және оларды одан әрі ықпалдастыру қазіргі уақытта қоғам үшін қажетті. Бірыңғай кешенді ақпараттық жүйені же­тілдіру және пайдалану барлық кезеңдерде тұ­рақ­ты бақылауды және барлық салалық уәкі­летті органдардың жедел қатысуын талап етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар әзірледі.