Nur Otan партиясының 20 жылдығына орай барлық өңірде өтіп жатқан «Ұлы даланың көне сарындары» атты дәстүрлі музыка фестивалі Маңғыстауға жетті.
Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің сахнасында өткен кеште танымал өнер саңлақтары өнер көрсетіп, мән-мағынасы терең, өскелең ұрпаққа рухани-тәрбиелік маңызы жоғары, ұмыт бола бастаған ән мен жырды көрерменге тарту етті.
Фестивалға республикалық қоғамдық штабтың мүшелері қатысты. Олардың қатарында Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, қоғам қайраткері Зейнолла Алшымбаев және аймақтық қоғамдық штабтың мүшелері болды. Дәстүрлі музыка фестивалі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық өнерді кеңінен насихаттау тапсырмасының жүзеге асырылуы және Nur Otan партиясының 20 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Шараның басты мақсаты – жастарды өнерге баулу, ұмыт бола бастаған қазақтың ән-күйі мен жыр-термесін кеңінен дәріптеу.
«Зиялы қауыммен жұмыс» партиялық жобасының аясында ұйымдастырылған дәстүрлі музыка фестивалінде Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Партия «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген идеялар мен құндылықтарды дәріптеуге арналған игі шараларды бастады. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Ұлы даланың көне сарындары» фестивалін әр аймақта өткізуде. Бұл шара Алаштың рухани астанасы Семей өңірінен бастау алған еді. Бүгін міне фестиваль киелі, маңғаз Маңғыстау өңіріне жетті. Ең соңғы түйіні шілде айында Жетісу жерінде түйінделеді, – деді ол.
Айта кетейік, «Ұлы даланың көне сарыны» фестивалі республиканың барлық аймағын аралайды. Оған еліміздегі танымал өнер майталмандары қатысып жатыр. Атап айтқанда, жыр-терме жанры бойынша Алмас Алматов, Жәкен Омаров, дәстүрлі ән өнері бойынша Ерлан Рысқали, Шолпан Дәржанова, Гүлмира Сарина, күйші Батыржан Мықтыбаев өнер көрсетті. Маңғыстауда өткен концерттік бағдарламада әнші Ақмарал Ерімбетова мен жыршы, термеші Оспан Құлсымақ ән мен жырдан шашу шашып, көрермендерге керемет көңіл күй сыйлады.
Әбілмансұр ЖАСАН