Рамазан айында ораза тұтқан әрбір мұсылман тән мен жан саулығын ойлайды. Бірақ көпшілігі сәресі мен ауызашар мәзіріндегі ерекшеліктен хабарсыз. Осы орайда, кәсіби диетолог Салтанат Болатбекқызымен оразада дұрыс тамақтанудың пайдасы туралы әңгімелестік.– Ораза кезінде организм белгілі бір дәрежеде тыныс алып, ас қорыту мүшелеріне қысым азаяды екен. Ағзада болатын өзгерістер жайлы не айтасыз?
– Ораза басталғаннан кейін бастапқы 5-7 күннің арасында ағзада глюкозаның бөлінуі өзгереді. Біріншіден, адам глюкозаны, әсіресе ми көмірсутек пен тәттіден алады. Күндізгі уақытта организм ояу болғанымен, біз тамақ не су ішпейміз. Дәл осы кезде мидағы глюкозаның бөліну деңгейі азаяды. Осы ретте адамның басы айналып, әлсіреуі мүмкін. Бірақ алғашқы 3-7 күннің арасында организм бейімделіп, кешкі сағат 19.00-20.00-да ас ішуге үйренеді. Сәйкесінше, миға бірқалыпты глюкоза бөлінеді. Байқасаңыз, біразы бастапқыда қатты әлсірейді. Бұл организмдегі глюкозаның жетіспеуінен болады. Сол себепті организм оразадағы тамақтану режиміне өзі үйренеді.
– Ағза токсиндерден толығымен тазалану үшін не істеу керек?
– Күндіз тамақ ішпегендіктен, организм өзі күреседі. Яғни, әр адамның ішкі қоры бар. Бұл – бүйрек, бауыр мен асқазан майлары. Ал іштегі май 80% судан тұрады. Су ішпегендіктен, оразаның алғашқы күндері организм қиналуы мүмкін. Бірақ ары қарай ағза мұны түсінеді де, күндіз су мөлшерін ішкі қордан алады. Мұны түсіну үшін организмге ең кемі 1 апта уақыт қажет. Әрі қарай шөлге бейімделеміз. Организм ішкі қор арқылы өзін қамтамасыз етеді. Сөйтіп, ағзада өздігінен тазалану процесі жүреді. Кей адам осы сәтте арықтайды. Ал дұрыс тамақтанбағандар, керісінше толады. Ең алдымен, ауыз ашқан соң ағзадағы су мөлшерін қалыпқа келтіруді ойлаңыз. Ауызашарда бөлме температурасымен 0,5-1 л арасында су ішу керек. Бұл алғашқы 20 минутта болғаны жөн. Суды бірден ішуге болмайды. Асықпай, жаймен ішіңіз. Су неліктен бөлме температурасында болуы керек? Себебі салқын су ішетін болсақ, ол асқазанда тұрып қалады да ішекке қарай өтпейді. Яғни, суды дене температурасымен бірдей болғанша күресіп, асқазанда ұстайды. Ал біз ауыз ашқан соң ішкен тамағымыз сумен араласады да қоймалжың формаға еніп, тамақ дұрыс қорытылмайды. Осылайша, оразада ағза тазаланудың орнына, тамақ токсинге айналып, асқазанда жиналады. Мұның арты иммунитеттің түсуіне әкеледі. Асқазан-ішек жолдарының жұмысы бұзылады. Іш қатады, салмақ қосасыз. Міне, осының бәрі суды дұрыс ішпегеннің әсері. Есте сақтаңыз, сәресіне дейін тағы 1 литр су ішу керек. Осылайша, күніне 2 литр су ішу нормасын орындаймыз.
– Сәресі мен ауызашарға қандай тағам жеген абзал? Мысалы, 1 күндік мәзір ұсына аласыз ба?
– Оразадан басқа уақытта адам дұрыс тамақтанбауы мүмкін. Бірақ дәл осы күндері дұрыс тамақтануы тиіс. Себебі күндіз организм демалады. Ағзаға тамақ пен сұйықтық түспейді. Ал кешке сағат 20.00-ден бастап организмде мелатонин ұйқы гармоны бөлінеді. Осылайша, организм ұйықтауға дайындалады. Ал ораза кезінде дәл ұйқыға дайындық уақытында тамақ ішеміз. Сондықтан жейтін тамағымыз өте жеңіл болуы керек. Яғни, тез қорытылатын, бірақ пайдалы тамақ жеген дұрыс. Мәселен, майсыз піскен ет, бұқтырылған көкөніс тұтынған жөн. Тауық не болмаса жылқы мен сиыр етіне піскен көкөніс те сіңімді. Міне, осындай жеңіл тағам жеген жақсы. Осылайша, ауызашарда көмірсутегін шектеген жөн. Көмірсутегі деп отырғанымыз картоп, ақ ұннан жасалған тағам. Себебі мелатонин гармоны бөлінгенде ағза тыныштық күйіне енеді. Керісінше, сол кезде қатты тойып тамақ ішетін болсақ, гармондар дұрыс бөлінбей, өзгеріске ұшырайды. Нәтижесінде, адам дұрыс ұйықтамай, ұйқы бұзылады. Сөйтіп, организмде эндокринді өзгеріс жүреді. Сол себепті ағзаға қатты күш түсірмей, жеңіл тамақтанған жөн. Мәселен, сәресінде ұзақ қорытылатын көмірсутегі қажет. Сұлы ботқасы мен пайдалы майлар, грек жаңғағы, басқа да кептірілген жеміс-жидек, авокадо, ірімшік, майлылығы жоғары қаймақ жеген дұрыс. Осылайша, суға піскен, дайын болған соң сүт қосылған сұлы ботқасына 10-15 грамм бал мен сары май қосасыз. Қара нанға қаймақ жағып, 20-25 грамм табиғи ірімшік қосып, 3-4 дана құрма жеу керек. Сәресіден 10-15 минут бұрын 500-600 мг су ішуді ұмытпаңыз. Тамақ жеп болған соң тағы да асқазанның 3/1 бөлігін сумен толтырыңыз.
– Асығыс тамақтану сәресінен ауызашарға дейін аш жүруге әкеледі. Мұның ағзаға зияны бар ма?
– Сәресіде міндетті түрде тойымды әрі өте пайдалы тағам тұтынған жөн. Ұзақ уақыт қорытылуы керек. Тағамда гликемичен индексі төмен болғаны дұрыс. Мәселен, оған 3-4 сортты ұннан жасалған нан, жасыл қарақұмық, ақ-қоңыр түсті күріш жатады. Ораза уақытында картопты мүлдем пайдаланбаңыз. Себебі құрамындағы крахмал қорытылып үлгермейді. Асығыс тамақтану және мөлшерден көп тамақтану – ағзаға стресс. Асығыс тамақтанатын болсаңыз, біріншіден, тамақ ірі көлемде асқазанға түседі. Сәйкесінше, күндіз асқазан энергия берудің орнына күшін тамақты қорытуға жұмсайды. Ол кемінде 30-40 рет шайналмаған тамақты әрі қарай өзі қорытады. Осындай тамақтану әсерінен адам қатты әлсірейді. Асқазан дұрыс шайналмаған, тез жеген тамақты қорытуға бар күшін жұмсайды. Сондықтан асығыс тамақтану асқазанның жұмысын бұзады.
– Ал шамадан тыс тамақтанудың соңы немен аяқталады?
– Ораза кезінде организм өздігінен тазаланады. Сәйкесінше, асқазанның көлемі кішірейеді. Егер адам ораза кезінде тамақты көп мөлшерде жейтін болса, кішірейген асқазанның формасы үлкейеді. Асқазанның көлемі тұрақты болмаған соң метаболизм процесі бұзылады. Оразадан кейін де ағза ауырлықты сезінсе, асқазанда ойық жара пайда болуы мүмкін. Тұтынған тағамның бәрін бауыр сүзгіден өткізеді. Шамадан тыс тамақтану бауыр жұмысын төмендетеді. Бұл бауыр мен бүйректе тастың пайда болуына әкеледі. Сол себепті ораза кезінде тамақтануға аса мән берген абзал. Басқа уақытта дұрыс тамақтанбасақ та, ораза кезінде міндетті түрде дұрыс тамақтану керек.
– Рамазан айында дене белсенділігіне көңіл бөлу қажет. Күннің қай бөлігінде спортпен шұғылдануға кеңес бересіз?
– Жаттығу жасаған ағзаға пайдалы. Егер «мен оразамын» деп күні бойы төсектен түспесеңіз, миға глюкоза бөлінбейді. Ал миға глюкоза бөлінбесе, адам әлсіреп, арты апатияға әкеледі. Біз глюкозаны көмірсутек пен тәттіден аламыз. Аталған заттарды күндіз тұтынбағандықтан, глюкозаны қимыл-қозғалыс, жаттығу мен таза ауадан аламыз. Сол себепті күннің алғашқы бөлігінде жаттығу жасауға, болмаса жүгіруге кеңес беремін. Бұл уақытта тамақ кеуіп кетуі мүмкін. Сонда ауызды сумен шаюға болады. Есіңізде болсын, жаттығу мен жүгіру кезінде организм шөлдемейді. Себебі ішкі қордағы су организмді қамтамасыз етеді. Бірақ ауыз ашқаннан кейін су нормасын толтырмасақ, ағзада сусыздану процесі жүреді. Сол үшін ауызашарда су ішуді ұмытпаңыз.
– Жалпы, «24 сағат тек қана су ішу» әдісіне көзқарасыңыз қандай? Мұны айына немесе жылына қанша рет қайталаған жөн?
– «24 сағат тек қана су ішу» әдісін қолдануға болмайды. Себебі организмге күнде нутриент қажет. Нутриент дегеніміз – ақуыз, көмірсутек пен май. Бұл дене салмағына әсер етеді. Аталған процесс ағзада жүрмесе, өсу процесі тоқтайды. Түнде өлі жасушалар жаңарады. Ал жасуша жаңару үшін тәуліктік ақуыз мөлшері талапқа сай болғаны жөн. Егер де адам тек қана су ішу немесе ашығудың басқа да әдісін пайдаланатын болса, ең бірінші адамның бұлшық ет массасы төмендейді. Денесі солғын тарта бастайды. Екіншіден, ми бір күнде қажетті витаминді жеткілікті түрде қабылдамаса, әрі қарай даму процесі болмайды. Яғни, жасуша жаңармайды. Ағзада витамин жетіспеушілігі басталады. Ал витамин жетіспегендіктен иммунитет түседі. Иммунитет түскен соң ағза әлсіреп, шаш түсу мен тырнақтың сынуы, темір тапшылығы басталады. Ең жаманы, бұл онкологиялық аурудың өршуіне себеп болады. Сондықтан 24 сағат су ішіп, ашығу процесін жасауға қарсымын.
– Әңгімеңізге рақмет!