Қордай қақтығысынан бері үш айға жуық уақыт өтті. Жыл басындағы қайғылы оқиға талайдың жадында әлі де жаңғырып тұрғаны рас. Үкімет Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарындағы қираған үйлер мен бүлінген дүниені қайта қалпына келтіруге уәде еткен. Арнайы құрылған комиссия мүшелері де бұқара алдында «бәрін жасаймыз» деп ант-су ішкен. Алайда аталған жұмыс баяу жүруде.
Олай дейтініміз, осыдан бір ай бұрын Жамбыл облысы әкімдігі зардап шеккен үйлер демеушілер есебінен толықтай қалпына келтіріледі деп сүйіншілеген болатын.
«Ағымдағы жылдың ақпан айында Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиға барысында зардап шеккен тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын осы айда бастау жоспарланып отыр. Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты және Қарасу ауылдарында барлығы 40 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 5 шаруашылық құрылыстары өртенген. Барлық жұмыстар «Щивон» қайырымдылық қоры жинайтын демеушілік қаражат есебінен жүргізілетін болады», – деп көңілдегі күдікті сейілтіп еді сол кезде.
Тіпті, өрттен зардап шеккен 39 отбасына облыстық резервтен жалпы сомасы 20,6 миллион теңге қаралғанын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық қордан тұрғын үй-жайларды қалпына келтіру үшін 26 тонна арматура, 16 750 м2 жабын материал және 400 м3 ағаш бөлінгенін де хабардар еткен. Зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қорларына 22,5 миллион теңге түсіп отырғанынан да құлағдар еткен.
«Ішінара зақым алған жылжымайтын мүлік нысандары демеушілік қаражат есебінен бүгінде қалпына келтірілді. Қазіргі таңда азаматтары қайтыс болған тоғыз отбасыға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден астам демеушілік көмек көрсетілді.
Жалпы, 11 ақпан мен 20 наурыз аралығында зардап шеккен отбасыларға 121,6 тонна көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілген болса, олардың ішінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, ыдыс-аяқ, гигиеналық және басқа да қажетті бұйымдар бар. Ал зақымдалған көлік иелеріне төленетін өтемақы көлемі қылмыстық істерге қатысты тергеу амалдары аяқталғаннан кейін белгілі болмақ», – дейді әкімдіктегілер.
Негізі осыдан бір ай бұрын қайта қалпына келтіру жұмыстары жанданады делінгенімен, әлемдік коронавирус пандемиясы талай тірлікке қол байлау болғаны анық. Дегенмен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қандай қиын кезең болса да, құрылысты тоқтатпауға күш салатынын айтқан. Осы уәде енді орындала бастады. Олай дейтініміз қазір тұтас Қордай ауданының құрылысында қозғалыс басталды. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, Қордай ауданындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарына 20,5 миллиард теңге қарастырылып, 46 жоба бойынша мердігер анықталыпты. Ал Қалғұты мен Күнбатыс ауылдарындағы білім нысандарының құрылысы басталып кеткен болса, аудан орталығындағы 50 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй мен Сарыбұлақ ауылының Мәдениет үйіндегі қазандықтың құрылысы да қарқын алған. Бұл ғана емес, Қордай және Әлжан ана ауылдарының жаңа тұрғын алқаптарына инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары да жанданып, жалпы ұзындығы 40 шақырым болатын төрт ауыл арасындағы жолдарды орташа жөндеу, Кенен ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту, бес оқу орнының қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға ауыстыру жұмыстары да жүргізілуде. Сонымен қатар үш мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Ол аз десеңіз, Қордай ауылындағы 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталған. Өткен жылы бастау алған ұзындығы7,4 шақырым «Ауқатты - Бәйтерек» автожолының құрылысына да әлемдік пандемия әсер етпеуде.
Бұдан бөлек, 60 пәтерлік үш тұрғын үй салу, үш мектептегі спорт кешендерін, алты ауылдағы су құбырын қайта жаңғырту, жеті жаңа тұрғын алқапта инженерлік инфрақұрылымды нығайту, Қордай және Әлжан ана ауылдарының 24 көшесін жарықтандыру шаралары да бүгін-ертең басталғалы тұр.
Жалпы, биыл ауданда 337 шақырымдық жолдар жөнделеді деп жоспарлануда. Ол үшін 6,6 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында ауданның 18 елді мекеніндегі жолдарды жөндеуге 5,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл орайда орташа жөндеуден өтетін жолдардың ұзындығы – 289,6 шақырым. Мұның бәрі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық жағдайын жақсартып, жақсы және қанағаттанарлық үлесін 90 пайызға, ал елді мекен ішіндегі көшелердің көрсеткішін 70 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығындағы 21 көше жөндеуден өтуі жоспарланған десек, оның 12 көшесі бойынша жұмыстар аяқталып үлгерген. Осылайша, биыл Қордай ауылының жолдары 100 пайыз асфальт жабындысымен қамтылатын болады.
Бір сөзбен айтқанда, коронавирус індетіне қарамастан Қордайда құрылыс қарқынды.
Әрине, қара халықтың қамы үшін құрылыс жұмыстарының жүргенін біз де құп көреміз. Алайда бұқара қақтығыс орын алған ауылдарға алаңдап отырғаны даусыз. Бұл ретте билік Масаншы, Бұлар батыр, Ауқатты, Қарасу, Өтеген, Сортөбе ауылдарындағы жол мәселесі мен жүргізушілердің қауіпсіз қатынауына көңіл бөлген. Одан бөлек, Қаракемер ауылында 10 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Ал қалған қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Қазіргі таңда аса қатты зақым көрмеген 107 нысанды қалпына келтірдік. Енді қалған үйлердің есеп-қисаптары аяқталуға жақын. Бұйыртса, жақын арада қорға түскен қаржы есебінен бұл жұмыстарды да бастаймыз. Рас, бірқатар үйдің құжаттары заңдаспағаны белгілі болып отыр. Алайда оларға да барынша қол ұшын беруге тырысып жатырмыз, – дейді Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет.
Жалпы, бірқатар аудандарды басқарып, облыс әкімі аппаратына да жетекшілік еткен Рүстем Рысбайұлына аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы үлкен сенім артып, Қордай ауданына әкім етіп тағайындаған болатын. Қазір аудан әкімі осы сенім үдесінен шығуға күш салып жатқаны байқалады. Олай дейтініміз Рүстем Дәулет әкімдік қызметке кіріскен күннен ел арасында жүр. Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Қақпатас ауылдарындағы су мен жол құрылыстарына бас-көз болып, қақтығыс орын алған ауылдардағы қара халықтың да мұң-мұқтажына құлақ түруде.
Ең бастысы Үкімет те, жергілікті билік те Қордай қақтығысы бүгін болып, ертең ұмытылып кететін қорқынышты түс емес екенін түсініп отырғаны қуантады.