Н.Нығматулин: Заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталған
Н.Нығматулин: Заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталған
©Ж.Құспанов
242
оқылды
Бүгін Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын  бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер арқылы биыл Парламент сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы жүзеге асырылды. – Осы мақұлданған заң жобасы еліміздің ашық және тұрақты дамуы жолындағы тағы бір маңызды қадам. Себебі, әрбір демократиялық дамыған елде сыбайлас-жемқорлыққа жол жоқ. Тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен әзірленген осы заң жобасы жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге бағытталып отыр. Енді жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізуге арналған көптеген өзгеріс енгізілді. Оның басты мақсаты – кез келген заң бұзудың алдын-алу және болдырмау, – деді Нұрлан Нығматулин. Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстың кез келген түрін арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың қызметкерлеріне ғана емес, жалпы кез келген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне  белгілеуді ұсынды. Бас Прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері депутаттардың бұл ұсынысымен келісіп, құжат жобасы екінші оқылымға дейін пысықталатын болады. Бүгінгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары көтерген тағы бір мәселе өз шешімін тапты. – Енді тек бірінші басшылар емес, квазимемлекеттік секторда қызмет ететін лауазымды тұлғалар да жемқорлық үшін жауапқа тартылады. Бұл норма бойынша да Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылады. Бұл – әділ және дұрыс қадам. Оны қолдауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. Заң жобасымен құқық қолдану практикасында туындаған құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның мәртебесі мен ұйымдық қызметіне қатысты мәселелерді реттеуге бағытталған нормалар бекітіледі.