АҚШ Қорғаныс министрлігі жұртты елең еткізген видеоларды жариялады. Пентагон ұшатын беймәлім нысандар (UFO) түсірілген видеолардың бар екенін мойындаған. Алайда ұшатын беймәлім нысандар өзге ғаламшардан келді ме, жоқ жерде жасалды ма, ол жағына АҚШ әскерилері назар аудармады.
Америкалық әскерилер UFO түсірілген видеолардың болғанын мойындап отыр. Олар 2005 және 2015 жылдары түсірілгенімен, 2007, 2017 жылдары жұртшылыққа жария болған-ды. Біреулер Пентагоннан рұқсат алмастан видеоларды интернетке жүктеп, жариялап жіберген. Әу баста әскерилер тіс жармаған, тіпті аталған видеоларды монтаж деушілер де көп болды. Дегенмен осы жолы АҚШ әскери теңіз күштері видеолардың монтаж емес, түпнұсқа екенін мойындап отыр. Әскерилер 3 дана видеоны өз сайттарында жариялау арқылы жұрттың мәселені дұрыс түсінгенін қалайтынын жеткізді. Яғни, жаһанда ұшатын беймәлім нысандар бар. Ал кадрлар шынайы.
Үш видеоның біреуі 2004 жылы, екеуі 2015 жылы түсірілген. Алғашқы видеодағы нысан F-18 әскери ұшағының камерасына 2004 жылдың 14 қарашасында түссе керек. Ал соңғы екі видео 2015 жылдың 21 қаңтарында түсірілген. Үш видеоны да АҚШ әскери теңіз флотының ұшқыштары түсіріпті. Соңғы екі видеода ұшқыштардың сөздері де жазылған. Әскери теңіз күштерінің баспасөз қатшысы Джое Градишэр мұндай видеолардың әскерилер «қоржынында» мол екенін де атап өтті. Ал ел президенті Дональд Трамп UFO-ларға сенбейтінін айтып қалғаны бар.
Айтпақшы, Пентагон ұшатын беймәлім нысандардың бар екенін ресми түрде мойындаған алғашқы мемлекеттік мекеме ретінде тарихта қалатын түрі бар. Бұрын ешбір елдің әскерилері мұндай нысандардың бар екені жайлы тіс жармаған. Қоғамда түрлі қауесет кезіп жүретін. Соның ішінде АҚШ әскерилері 1947 жылдан бері UFO-ларды жасырып келе жатқаны айтылатын еді.