LRT құрылысын бақылады
LRT құрылысын бақылады
5,305
оқылды

Үкімет басшысы Асқар Мамин елорданы жұмыс барысымен аралады. Оның барысында Премьер бас қаланың ірі көлік жобаларының, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласының Оңтүстік-Батыс айналма автомагистралінің және LRT желісінің құрылысын тексерді.

Бұл жобалар астананың орнықты көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында іске асырылып жатыр. «Нұр-Сұлтан қаласының Оңтүстік-Ба­тыс айналма жолы» жаңа автомагистралі елорданы дамытудың Бас жоспарында қарастырылған К-1 айналма жолының бөлігіне айналады. Ол ұзындығы 87 шақырым болатын қала маңында­ғы айналма жолды тұйықтайды.

Транзиттік көліктерге қала ішіне кірмей, оны оңтүстік-батыс жақтан айналып өтуге мүмкіндік беретін жаңа трассаның жалпы ұзындығы, 3 көпір мен 4 көлік жобасын қоса алғанда,
34 шақырымды құрайды.

Оның арқасында бұған дейін транзитпен өту үшін елорда көшелеріне кіріп кететін автокөлік құралдарының үлкен ағыны қала сыртына бағытталады. Бұл сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің астананың ішкі жолдарын бүлдіруінің алдын алмақ. Әрі елордадағы көлік ағыны мен кептелісін азайтуға ықпал ететін көрінеді. Айналма трассалар үстін­дегі қазіргі ағынның 50%-дайы ал­да оңтүстік-батыс айналма жолына ауы­суы мүмкін деп болжануда. Жол бо­йында логистикалық орталықтар мен жолбойы сервисінің нысандары са­лынады.

«ҚазАвтоЖол» АҚ деректері бо­йынша осы нысан құрылысында 800-ден астам адам жұмыс істейді, 500-ге жуық техника тартылған.

Премьер-министрге барлық жос­парланған жұмыстың кестеге сай жүр­гізіліп жатқаны және биыл автожолдың барлық жерінде қозғалыстың ашыла­тыны баяндалды. Асқар Мамин атқа­рылып жатқан жұмыстардың мерзімі мен сапасын сақтау қажетіне мердігер ұйымдардың назарын аударды.

Үкіметінің басшысы қаланы аралау кезінде сонымен қатар Қабанбай батыр даңғылын айналма жолдан бастап, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына дейінгі учаскеде реконс­трук­ция­лау жоспарларымен танысты. 6,4 ша­қырым ұзындықтағы автожолдың бұл учаскесін алты жолақты ету көз­делген. Жұмыстар 2020 жылы баста­лады. Қазіргі кезде техникалық-эконо­микалық негіздемесі және жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Бұған қоса, жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын салу жұмыстары ­жүр­гізіліп жатқаны мәлімделді. Үкімет жетекшісі жаңа көлік жүйесін жүзе­ге асыру барысына қанықты: оны 2020 жылдың екінші жартысында іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ А.Мамин Ауыл шаруа­шылығы министрлігінде көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізу барысына арнал­ған жұмыс кеңесін өткізді. Оған мемле­кеттік органдар басшылары, облыс әкімдері, ауыл шаруашылығы тауарла­рын өндірушілер, салалық қауым­дас­тықтар мен одақтар өкілдері қатысты.

Кеңесте шаруаларды сапалы тұқым­дармен, ЖЖМ-мен, ауыл шаруашы­лығы техникасымен қамтамасыз ету, сұранысқа ие ауыл шаруашылығы да­қылдарының аудандарын әртарап­тан­дыру, субсидиялау мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі кезде барлық өңір көктемгі егіс жұмыстарын жүргі­зуге кіріскенін, ал оңтүстік өңірлерде егіс жұмыстары аяқталуға тақап қал­ғанын айтты. Қазақстан биыл 22,3 мил­лион гектарға егін екпек. Соның ішінде көктемгі егіс аумағы 19 млн гектар бо­лады. Дәнді дақылдар тек 14,5 миллион гектар алқапқа себіледі. Шаруалардың тұқымға деген қажеттіліктері 100% қамтамасыз етіліпті. Биылғы егінге шамамен 2,5 млн тонна тұқым әзір­ленген, бұл өткен жылғыдан 100 мың тоннаға артық.

Зиянкестер мен арамшөптерден қорғау мақсатында қажетті қоректік заттар мен өңдеуге арналған препа­раттар сатып алынғаны мәлімделді. Бүгінде 267,1 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілген, оның 60%-ы – отандық өндірушілерден алынған.

2018 жылы ауыл шаруашылығы техникалары 3,5%-ға жаңартылды. Жалпы алғанда, жұмысқа 147 мың трактор, 4 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс жиынтықтары тартылған.

Мемлекеттік қолдау шараларының аясында 50,6 миллиард теңге сомасына 1 770 ауыл шаруашылығы өндірушісі қаржыландырылыпты.

Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев шаруаларды жанар-жағармай материалдарымен қамтама­сыз ету барысы туралы баяндады. Нау­рыз-маусым кезеңінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінде қажет­тілік көлемінің 81%-ы жөнелтіл­ген. Энер­гетика министрлігі белгілеген ди­зель отынының бағасы литріне 160 тең­­гені құрайды, операторлардың жет­кізу бағаларын қосқанда, өңірлердегі литрі үшін орташа бағасы 174 теңгеден бас­талады. Бұл нарықтық бағадан 18 тең­геге арзан көрінеді.

Түркістан, Алматы, Жамбыл облыс­тары басшыларының және солтүстік өңірлер – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің өңірлерде егіс науқандарын жүргізу ту­ралы баяндамалары тыңдалды. Барлық өңір тұқымдардың қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, ЖЖМ жеткізуде мәселе жоқтығын баяндады.

Кеңесті қорытындылаған Премьер Асқар Мамин егіс науқанының қана­ғаттанарлық қарқынын атап өтті.

«Егіс жұмыстарын оңтайлы агро­техникалық мерзімде ұйымдас­ты­рып, аяқтау – басты мәселе», – деп нықтады Үкімет басшысы.


Елдос СЕНБАЙ