Нұр-Сұлтан қаласында «Аманат» сайлауға бақылау жүргізу бойынша азаматтық платформасы баспасөз жиынын өткізіп, атқарған жұмысының кезеңаралық қорытындысын таныстырды. Биыл 22 сәуірде жұмысын бастаған қоғамдық ұйымның бөлімшелері Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 14 облыс орталығында ашылған. Аз уақыттың ішінде 424 шара өткізген ұйым өкілдері алдағы президент сайлауында теңдік, саналы таңдау, әділдік, келісім мен сенім қағидаларының бұзылмауын қадағалайды.
«Аманат» азаматтық платформасы сайлауға қатысатын үміткерлер мен дауыс берушілерге тең мүмкіндіктер берілуін қадағалап, сайлау учаскелерінің талапқа сай жұмыс істеуін бақылауды мақсат тұтады. Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, «Аманаттың» мақсаты сайлау үшін ғана құрылып, кейін жабылып қалу емес. Олар саяси науқаннан кейін де халық таңдаған президенттің қызметін назарға алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы сөз қозғаған құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова «Мен барлық азаматты белсенді болуға және бізбен әріптестік орнатуға шақырамын», – деді.
Ұйым жұмысының бір бағыты сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық белсенділігін көтеруге негізделген. «Аманат» белсенділерінің бірі Лима Диастың айтуынша, биыл бір миллионға жуық азамат алғаш рет дауыс береді. Бұл тұста олардың дауыс беру құқығын толық біліп, заңбұзушылықтарға жол бермеуі аса маңызды. Бұған қатысты «Аманат» азаматтық платформасының өкілі Мұрат Әбенов «Жастар арасында сауалнама жүргізіп, 90 пайыз жастардың құқықтарын дұрыс білмейтінін анықтадық. Бірінші рет дауыс беретін жастарға қалай дауыс беру керегін үйреткіміз келеді», – деді.
«Аманат» мүшелері кез келген сайлаудың әділ өтуі қоғам тарапынан тәуелсіз бақылау орнатумен байланысты дегенге келіседі. Тәуелсіз бақылаушылар дайындау бағытына жауапты Шыңғыс Лепсібаевтың айтуынша, республика бойынша 9 мың бақылаушы арнаулы оқыту дайындығынан өткен. Олар сайлау күні өңірлік сайлау учаскелерінде азаматтардың құқықтары бұзылмауын, дауыс беру процесінде заңбұзушылықтар болмауын қадағалайды. Сайлауға бақылау жүргізу сайлауалды науқанын да қамтитын шара болғандықтан, ұйым мүшелері кандидаттардың сайлауалды штабтарына арнайы барып, үгіт-насихат шарасының барысымен танысқан. Әлімжан Төкешовтің айтуынша, уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, барлық штабтың дайындығын жоғары деңгейде деп бағалауға болады. «Үгіт-насихат науқаны 11 мамырда басталса, 12 мамыр күні барлық кандидат сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Бағдарламалар бір оқығаннан түсінуге, кандидаттың негізгі бағдарын айқындауға мүмкіндік беретін жетімді тілде дайындалған», – дейді ол.
«Аманат» азаматтық платформасы бақылаушылар жинаған деректер негізінде сайлауға баға беріп, арнаулы есеп дайындайды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, «Аманат» қоғам пікірін мемлекет назарына шығарып, маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау қызметін сайлаудан кейін де жалғастырады.
Кәусар Ахмет