Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері өткен жұма күні Қызылорда облысына барды. Бірқатар еңбек ұжымымен кездесіп, кандидат Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында өткен жақтастар форумына қатысты.
Қызылордада жергілікті теміржолшылармен кездескен штаб мүшелері кандидаттың Сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталды.
– Кандидатымыз жастар мәселесіне де ерекше мән беріп отыр. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы, тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында, – деді штаб мүшесі Геннадий Шиповских.
Штаб басшысы Мәулен Әшімбаев ауылшаруашылық саласының қызметкерлерімен кездесіп, бағдарламада ауыл тұрғындарына да қолдау көрсету мәселесіне басымдық берілгенін айтты.
– Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарды кешенді дамытуды, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды, аймақтар инфрақұрылымын одан ары жетілдіруді қолға алады. Бағдарламада Елбасының агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ісін жалғастыру мәселесі де көрсетілген, – деді ол. Үгіт-насихат жұмысы аясында Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері облыстың бірқатар ауданына барып, жергілікті халықпен кездесті.
РҚШ мүшелері бұдан ары Түркістан өңірінде болды.
– Түркістан – Қазақ елінің рухани астанасы. Түркістанды қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі деп қадірлейді. Сайлауға түсіп жатқан жеті кандидаттың да осалы жоқ. Соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың орны ерекше, тәжірибесі де мол. Ол сияқты ішкі-сыртқа саясатта, экономика, заң шығару саласында өте тәжірибелі азаматтар санаулы, – деді М.Әшімбаев.
Жазушы Нұрлан Оразалин Тұңғыш Президентпен бірге қызмет атқарған жылдарынан естелік айтып, кандидат Қ.Тоқаев туралы пікірін білдірді.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басқарған еңбегін жақсы білесіздер. БҰҰ-да қызметте жүргенде қазақты танытқан бірегей тұлға Қ.Тоқаев болатын. Үкімет басқарып тұрған 1999 жылдары ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Сондықтан Елбасы еңбегіне алғыс айта отырып, өзі ұсынған кандидатты қолдайық дегім келеді, – деді қаламгер.
Айдана Бегім