Қазақстан перзидентіне кандидат Амангелді Таспиховтың Жамбыл облыстық аймақтық штабының жетекшісі М.Төлепберген облыстағы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының аудандық комитеттерінің төрағаларымен кездесті. Облыстағы ең ірі салалық кәсіподақ ұйымдары бұл сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға ниетті.
М.Төлепберген Кәсіподақтар федерациясы ұсынған кандидаттың платформасы қоғам мен уақыт талабына үндес екенін атап өтті. Кәсіподақтар беделін көтеру үшін де кәсіподақтардың ауызбірлігі қажет екенін, сол мүмкіндіктің келешектегі мәнін жан-жақты айтып берді. Өз кезегінде Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Е.Мағзымбеков әріптестерінің бұл сайлаудың қоғамдық-саяси мәнін терең түсінетінін, мемлекетшілдік қасиеттерімен және өздері белсенді мүшесі саналатын кәсіподақ ұйымының мақсат-мүддесі тұрғысынан көрінетініне сенім білдірді.
Ал Шымкентте президенттікке кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабы үміткерді қолдау мақсатында спартакиада ұйымдастырды. Шағын футбол, үстел теннисі және шахматтан өткен сайыста салалық кәсіподақтар мүшелері қызу тартысты ойын өрнегін көрсетті. Шағын футболдан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы командасы, үстел теннисінен – мемлекеттік қызмет және банк қызметкерлерінің салалық кәсіподағы командасы, шахматтан – мәдениет және спорт, ақпарат қызметкерлерінен құралған команда жеңімпаз атанды.
Қызылорда қаласындағы Кәсіподақтар үйінің мәжіліс залында Қызылорда облысы «Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағы» атқару комитетінің кеңесі өтіп, онда кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі, салалық кәсіподақ төрағасы Серік Мырзаханов кандидат тұғырнамасында көтерілген мәселелері туралы баяндады. Саланың кәсіподақ белсенділері, бастауыш ұйым төрағалары көтерілген еңбек қауіпсіздігі заңнамаларына қатысты, кәсіподақтар жұмысының өзегі – еңбек құқына қатысты тұғырнаманың мазмұнымен толық келісетіндерін жеткізді.
Айдана БЕГІМ