«Ауыл» партиясының үміткері Төлеутай Рақымбеков елордадағы «Ботаникалық саябақта» веломарафонға қатысты. Президенттіктен үміткер үнемі салауатты өмір салтын насихаттап, спортпен тұрақты шұғылдану керегін айтады. Әсіресе, жас толқынның осы бағытта белсенді болғаны маңызды дейді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ботаникалық саябақта» өткен шараға 300-ге жуық адам қатысты. Төлеутай Рақымбеков бастаған әуесқой велошабандоздар ондаған шақырымды артқа тастап, арнайы жарыс жолағымен жүріп өтті. Көлемді шараға саябақ төңірегінде орналасқан үйлердің тұрғындары да қызығушылық танытып, белсене қатысты. Кандидаттың Нұр-Сұлтан қаласы штабының өкілдері веломарафонды тамашалауға келген тұрғындарға үгіт-насихат материалдарын таратып, Т.Рақымбековтің кандидатурасын қолдауға шақырды. Веломарафонға қатысушылардың басым бөлігі «Ауыл» партиясының жастары болғандықтан, кандидат сайлауалды бағдарламасындағы жастар саясатының тиімді моделі туралы айтты.
Алматыда Д.Қонаев атындағы университетте жастар форумы өтті. Онда кандидаттың сенімді өкілдері А.Сапаров, С.Кешуов, С.Тәңірбергенов Төлеутай Сатайұлының еңбек жолымен таныстырып, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталды. Форум барысында жаңа замандағы ауыл өмірі, ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы, ауыл шаруашылығы өндірісінің техникалық жаңғыруы, жас мамандардың еңбекпен қамтылуы сынды өзекті мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков бағдарламасы Қарағанды өңірінде де қызу талқыланды. Кандидаттың сенімді өкілдері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ғылым мен өндіріс арасын жақындатудан бөлек, кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы жұмыссыздықпен күресу, инфрақұрылымды дамыту, ұлттық құндылықты сақтау, баспанамен қамту және жастар саясатын жүйелеу сияқты мәселелерді де сөз етті.
Айдана БЕГІМ