Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді
Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек жіберді
163
оқылды

Бүгін Қазақстаннан ұн түрінде жіберілген гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы (800 тонна) Қырғыз Республикасына жеткізілді, - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған жүк барлық санитарлық-эпидемиологиялық норма сақтай отырып, теміржол арқылы 12 вагонмен әкелінді.

Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы әрекет жасау кезеңінде көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы сомасы 3 млн. АҚШ долларынан астам қаражатқа әр елге 5 мың тонна көлемінде ұн түрінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын атап өткен жөн.

Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және мелиорация министрі Эркинбек Чодуевтың айтуынша, қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының Үкіметі көрсеткен көмекті жоғары бағалайды және бауырлас қазақ халқына терең ризашылық білдіреді.

Гуманитарлық көмек Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер қорының қоймасына орналастырылды.