Перес жас голландиялықты «Реалдың» болашақ жұлдызы деп санайды
Мадридтік «Реалдың» президенті Флорентино Перес бірер күн бұрын жергілікті радиоға берген сұхбатында клубтағы жағдай туралы баяндады.
Роналду жайлы
Роналдудың салық дауына байланысты клубтан кеткені жайлы ақпар шындыққа жанаспайды. Ол өзгерісті қалады, келісімшартты күшейткісі келді және бұған «Ювентусте» қол жеткізді. Бұл барлығы үшін де жақсы нұсқа еді. «Реалдағы» тоғыз жылда онымен арада ешқандай келіспеушілік туындаған емес. Ешқашан жаттығуға кешікпейтін. Мен басшы болып келгелі бері «Реал» қатарына қосқан ойыншылардың ішіндегі ең үздігі – Роналду. Екеуара қарым-қатынасымыз әркез жақсы болды. Қаржыға байланысты да дау туған жоқ. Біз екеуміз оның салық берешегін ешқашан талқылаған емеспіз.
Лопетеги жайлы
Дәл сол кезде (2018 жылдың жазы) көптеген бапкерлер бос болған жоқ. Клопп 5 жылға келісім жасап тастаған. Лопетегиді әлем чемпионаты біткен соң шақыру мүмкіндігі болған. Бұл туралы Испан футбол федерациясының президенті Рубиалеспен келістік те, мундиальға дейін ақ Лопетегидің келгені туралы хабарладық. Алайда сол күні түсініспестік туындады да, олар Лопетегиді құрамадағы қызметінен босатып тастады. Сол себепті «Реал» ол үшін өтемақы төлеген жоқ.
Серхио Рамос жайлы
Футболшының өкілдері оған қытайлық клубтан керемет ұсыныс түскенін, олар алайда трансфер үшін төлем жасай алмайтындарын айтты. Себебі, Қытайда трансферлік төлем жасау процесі өте күрделі көрінеді. Мен оларға Рамостың кетпейтінін айттым. Капитанның тегіннен тегін кетіп қалғаны аса жақсы емес. Мен Рамосты жақсы көремін және ол үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым.
Азар жайлы
Бірнеше жыл бойы Азардың «Реал» ойыншысы болғанын қалап келе жатырмыз. Алайда әлі де бұған қол жеткізе алмадық. Мен оның біздің клуб сапына қосылғанын жөн көремін және бұл мақсатымыз орындалады деп сенемін. Ол әлемдегі үздіктердің бірі.
Перестің айтуынша, Хамес Родригес «Баварияда» өткізген екі маусымнан кейін Мадридке қайта оралмақ. Президенттің сөзінше Родригес трансфері бойынша әлі нақты шешім қабылданбаған. Зидан оны командада көргісі келмейтін секілді.
Қақпашы Кейлор Навасқа қатысты да әлі шешім шыққан жоқ. Ал қазір Голландия чемпионатында жақсы қырынан көрініп жүрген Эдегор жуық арада «Реалға» қайта оралуы мүмкін. Перес жас голландиялықты «Реалдың» болашақ жұлдызы деп санайды.